Төтенше жағдайға дайындық: Алматыда еріктілер форумы ұйымдастырылды

08.07.2026 15:57

Форумның алғашқы күні құтқарушылардың тактикалық арнайы оқу-жаттығуымен басталды

Алматыдағы «Алатау» жедел мақсаттағы оңтүстік базасында Республикалық еріктілер форумының салтанатты ашылуы өтті. Жиынға еліміздің 20 өңірінен келген 100-ден астам волонтер қатысты,  деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бірнеше күнге жоспарланған іс-шара қатысушылардың өзара тәжірибе алмасуына, практикалық дағдыларын жетілдіруге және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарын пысықтауға бағытталған.

Форумның алғашқы күні құтқарушылардың тактикалық арнайы оқу-жаттығуымен басталды. Мамандар түрлі төтенше жағдайларды жою кезіндегі құтқару жұмыстары мен бөлімшелердің бірлескен іс-қимылын көрсетті. Жаттығу барысында жер сілкінісінен кейін үйінді астында қалған адамдарды кинологиялық есептоптардың көмегімен іздеу және құтқару, химиялық заттардың төгілу салдарын жою, сондай-ақ жол-көлік оқиғалары кезінде арнайы авариялық-құтқару құралдарын пайдалану тәсілдері көрсетілді.

«Біздің басты мақсатымыз – еріктілердің төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою кезіндегі іс-әрекет дағдылары мен білімін жетілдіру. Бағдарламаға таулы және жазық жерлерде жоғалған адамдарды іздеу-құтқару жұмыстары да енгізілген. Сонымен қатар 8-10 шілде аралығында еріктілерге теориялық және практикалық сабақтар өткізу жоспарланған», — деді ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Біржан Серікбай.

Форум аясында волонтерлер теориялық және тәжірибелік сабақтарға қатысты. Кәсіби құтқарушылар шеберлік сабақтарын өткізіп, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізудің заманауи әдістерімен таныстырды. Қатысушыларға алғашқы медициналық көмек көрсету, зардап шеккендерді қауіпсіз тасымалдау, судағы адамдарды құтқару және түрлі төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл тәсілдері тәжірибе жүзінде көрсетілді.

«Биыл Президенттің бастамасымен Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылып жатқан форумға қатысуға келдік. Іс-шараның ашылуына қатыстық. Форум өте жақсы басталды. Енді алдағы оқу-жаттығуларға қатысып, ертең өтетін сайысқа дайындаламыз», — деді Атырау облысы Жастар ресурстық орталығының маманы Наурызбек Қанғожин.

Үш күнге созылатын форум барысында еріктілер арасында арнайы сайыс өтеді. Қатысушылар шартты төтенше жағдайлар бойынша бақ сынасып, үздіктер анықталады.

Олжас Омарбек, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Домбыра күні, Астана күні және жаңа Конституцияның күшіне енуі: Алматыда мерекелік кеш өтті