Референдумға дейін:
14
күн
7
сағат
59
минут

«Дос-Мұқасан» алғашқылардың бірі болып қол қойды: Алматыда Гиннес рекордына ресми старт берілді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы 25 ақпанда Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті базасында «Мен - осы елдің бір бөлшегімін. 1001 тарих» атты республикалық жобаның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шара «Most Signatures on a Car» (автокөліктегі ең көп қолтаңба) санаты бойынша әлемдік Гиннес рекордын орнатуға бағытталған ауқымды автокөлік экспедициясының басталуына негіз қалады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Жобаның авторы – ҚазХҚжәнеӘТ университеттің қауымдастырылған профессоры, Туран ТВ телеарнасының журналисі әрі қоғам қайраткері Мадина Ашилова.

Алғашқы қолтаңба рәсімі қонақтарға ерекше тосынсый жасады. Рекордқа алғашқы болып аты аңызға айналған Дос-Мұқасан ансамблі қатысты. Топтың қатысуы шараның мәдени маңызын арттырып, рекорд идеясын қазақстандық музыка тарихымен және қоғамдық өмірмен ұштастырды.

Ұйымдастырушылар бір жыл ішінде шамамен 6 000 бірегей қолтаңба жинауды жоспарлап отыр. Автокөлік Түркістаннан Петропавлға дейін, Ақтаудан Катон-Қарағайға дейін жол жүріп, ел тұрғындарының қолтаңбалары арқылы біріктірілген Қазақстанның символдық картасына айналмақ.

«Біз тіпті бірнеше ғана тұрғыны бар шағын ауылдардың да бізбен бірге тарихта қалуын қалаймыз. Елдің түкпір-түкпіріндегі адамдар өз үнін жеткізуге мүмкіндік алса дейміз», – деді Мадина Ашилова.

Қолтаңбаларды жинау үдерісі Guinness World Records талаптарына қатаң сәйкес жүргізіледі: барлық деректер кейінгі тексеру және рекордты растау үшін ресми тіркеу журналында белгіленеді.

Салтанатты рәсімге университет басшылығының өкілдері, «Туран ТВ» телеарнасының қызметкерлері, студенттер, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысты. Бағдарлама аясында ресми құттықтау сөздер айтылып, алғашқы қолтаңба рәсімі және сұрақ-жауап сессиясы өтті. Күннің шешуші сәті барлық қатысушылардың автокөліктің капоты мен есіктеріне қолтаңба қалдырып, үлкен сапарға бастау беруі болды.

«Мен - осы елдің бір бөлшегімін. 1001 тарих» жобасы азаматтар, институттар және медиа арасындағы диалог алаңына айналуды көздейді. Жоба елдегі әрбір тұрғынның бірегейлігі мен бірлігін дәріптей отырып, ашық қоғамдық кеңістік қалыптастыруды мақсат етеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда кәсіпорын ұжымы жаңа Конституция жобасын талқылады

Новости партнеров