Sadraddin Алматыда екі күнде 70 мың тыңдарман жинады

Ол концертке 2 жыл дайындалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әнші Sadraddin Орталық стадионда екі күн қатарынан концерт өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Екі күндік кешке жалпы саны 70 мың тыңдарман жиналды. Жанкүйерлер әншінің танымал туындыларын бірге орындап, концертке арнайы келген шетелдік әртістерді де қарсы алды.

Әншінің сахнаға шығу сәті де ерекше ұйымдастырылды. Sadraddin ғарышкер кейпінде стадионның ең биік нүктесінен сахнаға түсті. Ал түрлі-түсті білезік таққан көрермендер жоғарыдан қарағанда жарқыраған жұлдыздарды бейнеледі.

Өнер иесінің айтуынша, концертке дайындық екі жылға созылған. Шоудағы әрбір детальға ерекше мән берілген.

– Екі жыл бойы дайындалған концертіміз бен жобамыздың жүзеге асқанына қатты толқып тұрмын. Екі жылдық шаршау мен барлық эмоция қазір бір жерге жиналғандай. Бұл – еліміз үшін де, Алматы қаласы үшін де тарихи жоба деп білемін. Себебі 20 миллион халқы бар елімізде екі күн қатарынан стадионды лық толтыру – үлкен көрсеткіш. Екі күндік концертке 70 мың тыңдарман жиналды. Мұның бәрі – ең алдымен Алланың, одан кейін осы көрерменнің арқасы, – деді әнші Sadraddin.

Концерт толықтай жанды дауыста өтіп, түрлі техникалық шешімдермен сүйемелденді. Көрермендер әншінің танымал тректерін бірге шырқап, көптен күткен әндерін тыңдады.

– Көбінесе «Çiki çiki çiki, seni seviyorum, seni özlüyorum çok çok çok» деген әнін тыңдаймын, – деді жанкүйерлердің бірі.

Тағы бір көрермен концертке арнайы басқа қаладан келгенін айтты.

– Өзім Ақтөбеденмін, қазір Алматыда оқимын. Ал досым осы концерт үшін Астанадан арнайы келді, – деді жанкүйер.

Көрермендердің бірі әншінің «Алыстағы менің жақын адамым...» деп басталатын туындысын ерекше күткенін жеткізді.

– Сол әнді күтемін. Маған өте қатты ұнайды. Бұл әнді 3 миллион адам тыңдаған. Рекорд десек те болады, – деді жанкүйер.

Концертті ұйымдастыру жұмыстарына екі мың адамнан тұратын команда жұмылдырылған. Сондай-ақ концерт аяқталғаннан кейін стадион алдында әр бағытқа қатынайтын автобустар көрермендерге қызмет көрсетті.

Әнші тыңдармандардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін атап өтті.

Айдана Шалқар, Думан Дәулетбақұлы, Almaty TV