Экология және туризм үндестігі: Көкжайлауда 2 мыңға жуық ағаш отырғызылды

05.10.2026 16:38

Сенбілікке Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты

Көкжайлауға жиналған жұрт бір күнде 2 мыңға жуық ағаш отырғызды. Табиғи аумақты көгалдандыруға Алматының жастары мен эко-белсенділері атсалысты. Таңмен таласа сенбілікке шығып, қызыл кітапқа енген сирек бұталарды отырғызу науқанына 500-ден аса адам жиналған. Олардың ішінде Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және ғылыми ұйымдардың өкілдері бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңертеңнен жиналған жастар алдын ала әзірленген учаскелерге бөлініп, көшет отырғызуға кірісті. Экологиялық науқан – Көкжайлаудың келешегіне қатысты ашық пікір алмасудың тағы бір сатысы. Бұған дейін алматылық тұрғындар Almaty SuperSki жобасын, таулы аумақтарды дамыту мәселесі жайлы сөз қозғап, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жоба өкілдеріне ұсыныс айтқан.

«Алматы жастары ауқымда іс-шараға белсене қатысып, табиғатқа жанашырлығын сөзбен емес, тірлігі арқылы дәлелдеп отыр. Бүгін отырғызылған шыршалар 5,10 мүмкін 20 жылдан кейін нәтижесін көрсетеді», – деді Жастар саясатын дамыту қорының директоры Асқар Азамат.

«Аймақта әдемі жерлер өте көп. Сондықтан оларды туристік тұрғыдан дамыту – ең дұрыс шешім. Біз керемет бастаманың басында тұрып, туризмнің жарқын болашағына үміт артамыз», – деді қала тұрғыны Айнагүл Сағынәлиева.

Бұл жолы Көкжайлауға Шренк шыршасының көшеттері отырғызылды. Жасыл желек Іле Алатауының табиғи өсімдік жамылғысына тән, таулы ортаға бейімделген ағаш түрі. Мамандардың айтуынша, шырша отырғызу тау беткейлерін нығайтып, топырақтың шайылуын тежеуге, ылғалды сақтауға және табиғи экожүйенің тұрақтылығын арттыруға ықпал етеді. Қылқан жапырақты ағаштар ауаны шаңнан тазартып, көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегін бөледі. Ал Көкжайлау сияқты таулы аумақта жасыл желектің көбеюі табиғи ландшафтты сақтауға және биоалуантүрлілікті қорғауға да маңызды.

«Шренк шыршасының 2 мыңға жуық көшетін отырғызу жоспарланған. Акцияға Алматы жастарының да белсенді қатысып отырғанына өте қуаныштымын. Осында келушілерге, сондай-ақ ұлттық парк қызметкерлеріне алғыс айтамын. Шренк шыршасы мен Сібір шыршасының өзіндік ерекшеліктері бар», – деді Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы Райхан Мұхамеджанова.

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға бағытталған.

«Туристік кластерді дамыту үшін сенбілікке келдік, тиісті ағаштарды отырғызамыз. Себебі нысан болашақ ұрпаққа мәңгілікке қалады және экономикалық қадамға үлкен әсер, серпін береді», – деді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров.

Науқанға студенттермен қатар қала тұрғындары, биология және экология саласының мамандары қатысты. Жалпы отырғызылған 2 мыңға жуық көшет көгалдандырудан бөлек, таулы аумақтың табиғи тепе-теңдігін сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді қадам.

Әйкерім Пернебек, Хангелді Ахметхан

Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki: Жоба туралы ақпарат тұрғындарға қаншалықты қолжетімді

Толық көрсету