Қала әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға тиісті тапсырма берді
Алматыда қоғамдық көлікті экологиялық таза отынға көшіру жұмыстары қарқын алып келеді. Игі бастаманың аясында Жетісу ауданында 254 автобусқа арналған жаңа тұрақ құрылысы жүріп жатыр. Қала әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапары аясында атқарылып жатқан шаруамен танысып, жауаптыларға тиісті тапсырма берді,деп хабарлайды Almaty.tv.
Айта кетейік, нысан аумағында әкімшілік ғимарат, сервистік қызмет көрсету және автожуу аймағы қарастырылған. Ал барлық жұмыс аяқталғаннан кейін мұнда 700-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ парк маңында газ құю стансасы да іске қосылған. Ол күн сайын 320-ға жуық көлікке қызмет көрсетеді.
«Газ құю стансасын салып бітірдік, бүгінде ол жұмыс істеп тұр. Енді жобамыздың екінші кезеңі аясында автобус паркіндегі жұмысты аяқтау қажет. Биыл жыл соңына дейін тәмамдаймыз деп жоспарлап отырмыз», – деді компанияның бас директоры Аман Омаров.
Алматы агломерациясында да автобус инфрақұрылымын дамыту қолға алынған. Мәселен, Іле ауданында қоғамдық көліктерге газ құятын станса салыныпты. Қазір нысан сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Мұнда 6 газ құю бекеті бар екен. Олар тәулігіне кемінде 500 автобусқа қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, Алматыда қоғамдық көліктерге арналған 8 газ құю стансасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы төртеуін іске қосу жоспарланып отыр.
«Стансаны сынақ режимінде іске қостық. Қазір өзіміздің 398 автобусымызға газ құйып отырмыз. Жақын арада нысанды толыққанды пайдалануға береміз деген жоспар бар. Қазір іске қосу-баптау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, автобустарға газ құюды бастап кеттік», – деді компанияның бас директоры Алексей Смирнов.
Оқи отырыңыз: Алматыда қатты отыннан шығатын зиянды шығарындыны азайту жұмыстары жалғасып келеді