Алматыда қатты отыннан шығатын зиянды шығарындыны азайту жұмыстары жалғасып келеді

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алатау ауданында «Алматы – таза ауа» акциясы жалғасып отыр. «Eco Almaty» ЖШС мамандары Экология және қоршаған орта басқармасымен бірлесіп, атмосфералық ауаны қорғау саласындағы талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіп, тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, - деп хабарлайды Almaty.tv.

Мониторинг барысында ауданда қатты отын пайдаланатын 55 нысан анықталды. Оның ішінде 8 жеке тұрғын үй, 35 қоғамдық тамақтану нысаны және 12 отбасылық монша бар. Нысан иелеріне заңнама талаптары және газға немесе рұқсат етілген басқа да отын түрлеріне көшу қажеттілігі айтылды. 

Қаланың газдандырылған аудандарында орналасқан нысандарға ерекше назар аударылуда. Алматы мәслихатының 2025 жылы 30 желтоқсандағы №272 шешімімен бекітілген Алматының атмосфералық ауасын қорғау қағидаларына сәйкес, 2027 жылдың басынан бастап мұндай аудандарда заңнамада көзделген жағдайды қоспағанда, жылыту және өндірістік қажеттіліктер үшін қатты және сұйық отынды пайдалануға тыйым салынады.

Экологиялық таза отын түрлеріне көшу – зиянды шығарындыны азайту және атмосфералық ауаның сапасын жақсарту шараларының бірі. Нысан иелеріне газға немесе рұқсат етілген басқа да энергия көздеріне көшу үшін қажетті шараларды алдын ала қолға алу ұсынылады.

Түсіндіру жұмыстары мен мониторинг жалғасып келеді. Заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау үшін ақпарат уәкілетті органдарға жолданады.

Тұрғындар мен кәсіпкерлердің экологиялық талаптарды сақтауы атмосфералық ауаға түсетін жүктемені азайтып, қалалық ортаны жайлы етуге мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Алматыда Шевченко мен Байзақов көшелерінің қиылысында инженерлік желі тарту жұмыстары басталады