Ең үздік әке: Алматыда байқау жеңімпаздары анықталды

26.09.2025 16:54

Сайыстың 5 шарты болғанын айта кетейік

Алматыда ең үздік әке анықталды. Он үшінші Әкелер слеті аясында ұйымдастырылған «Шаттығы мол шаңырақ» атты қалалық байқауда Медеу ауданының тұрғындары - Дәуітовтер әулеті үздік деп танылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жалпы сайыс алдымен аудандық деңгейде өтіп, оған әр мектептің ата-анасы қатысқан еді. Іріктеуден өткен 8 отбасы қалалық байқауға жолдама алып, бүгін бағын сынады.

Сайыстың 5 шарты болғанын айта кетейік. Үміткерлер ең алдымен өздерін таныстырып, сахна мәдениетін көрсетті. Кейін ұлттық киімдер үлгісін ұсынып, өнерлерін ортаға салды.

Ең бастысы, бала мен отағасы арасындағы қарым-қатынас дәріптелді. «Әке атану оңай, алайда әке бола білу қиын». Сондықтан іс-шараның негізгі мақсаты – ата-ананың жауапкершілігін арттырып, әр шаңырақта ер адамның рөлі басым екенін айқындау болды дейді ұйымдастырушылар.  

«Негізгі мақсатымыз – отбасындағы құндылықтарды дәріптеу. Сондай-ақ отбасында әкенің рөлін, мәртебесін көтеру. Қазақтың «әке көрген оқ жонар» деген сөзі бар ғой. Мақсатымыз - әкелердің қолынан не келетінін көрсету және өзінің ұрпағына несімен беделді екенін таныту, ол өзінің ұрпағына нені бере алды деген сұраққа сайыста жауап беретіндей мүмкіндік беру», - деді Білім басқармасына қарасты №1оқушылар үйінің директоры Дәуірхан Қожахметов. 

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі жылу беру маусымына дайындықты қатаң бақылауды тапсырды