Ерекше балаларға қолдау: Алматыда инклюзия мәселесі қалай шешіледі

15.10.2026 14:24

Қаладағы 25 жеке орталықта 829 бала оқиды

Алматыда инклюзивті білім беруді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жауапты мамандардың мәліметінше, соңғы 4 жылда шаһарда ерекше қажеттілігі бар балалардың саны екі есе артып, 30 мың 755-ке жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның ішінде 6 мыңнан астам бүлдіршін мүгедектігі бар балалар санатына жатады. Балалардың басым бөлігі мектепке дейінгі және мектеп жасындағы кезеңде тиісті қолдауды қажет етеді. Осыған байланысты Алматыда қала әкімі орынбасарының төрағалығымен жиын өтіп, инклюзивті білім беру жағдайын жақсарту, педагогтер мен арнайы мамандардың тапшылығын азайту және әр баланың жеке қажеттілігіне сай білім алуына мүмкіндік жасау мәселелері талқыланды. 

"Әңгіменің ашығын айтқанда, мамандардың қызмет сапасына қатысты сұрақ көп. Содан кейін біз қаржылай, жалақы жағын ойластырайық,  жұмыс жасалсын. Қосымша қандай шаралар қабылдау керек, қарастырыңыздар. Президенттің тапсырмасы бар, әкімнің бақылауын пайдаланып, көптеген күрделі мәселелерімізді шешіп алуға жақсы әрекет жасауымыз керек", - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов.

Қаладағы 25 жеке орталықта 829 бала оқиды. Сонымен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға қарапайым мектептерде де қолдау көрсетіледі. Алайда балалар санының артуы қосымша инфрақұрылымға сұранысты арттырып отыр. Осыған байланысты мегаполис әкімдігі арнайы білім беру ұйымдарының желісін ұлғайту, материалдық-техникалық базасын жақсарту және педагог кадрлармен қамтамасыз ету бағытындағы бірқатар шараны қолға алған. 

"Шаһарымыздың басшысының тапсырмасына сәйкес,  инклюзивті мемлекеттік білім беру ұйымдарының желісін арттыру бойынша кешенді жоспар әзірленген. Оған қоса, алдағы үш жылдықта заманауи үлгіге сәйкес, әрбірі 600 орындық жобалық қуаты, 3 арнайы интернат ашу көзделуде", - деді Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев.

Оқи отырыңыз: Шыңғыс Айтматов -100: Алматыда «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды

Толық көрсету