Шыңғыс Айтматов -100: Алматыда «Арқау» халықаралық көрмесі ашылды

Экспозицияға қырғызстандық суретшілердің 65 туындысы қойылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

14 қазанда Алматы галереясында Шыңғыс Айтматовтың шығармашылық мұрасы мен алдағы 100 жылдық мерейтойына арналған «Арқау» («Связующая нить») халықаралық көрмесі ашылды.

Экспозицияға қырғызстандық суретшілердің 65 туындысы қойылды. Бұл туралы Алматы қаласы Мәдениет басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көрмеде Қырғыз Республикасы Суретшілер одағының мүшелері Кубанычбек Ибрагимов, Бахрамжон Темиров, Садык Мурзаканов және Азизбек Сулайманов туындыларын ұсынды.

Суретшілер картинасында Айтматов шығармаларының сюжетін, кейіпкерлері мен образдарын бейнелеп, көрермендерге таныс әдеби туындыларға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

"Бүгінгі іс-шараға әртүрлі жанрдағы шығармаларды алып келдік. Қырғыз-қазақ еліне белгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың шығармаларына арналған шараны бірігіп өткеріп жатырмыз", - деді Қырғызстан суретшілер одағының мүшесі Садық Мұрзаханов. 

Көрменің ашылу салтанатына ТҮРКСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымының Бас хатшысы, Қырғызстанның халық жазушысы Сұлтан Раев қатысты. Ол мұндай көрмелер көрермендерді әртүрлі ел суретшілерінің шығармашылығымен таныстырып, Қазақстан мен Қырғызстан арасында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

"Бәрімізге де ортақ тақырыптар. Біз олардың өзгеше көзқарасын, шеберлігін, бір тақырыпты басқаша көзбен қарайтынына, басқа қырынан ұсынатынына қызығамыз. Бір жағынан өзімізге де пайдалы. Бір-бірімізден үйреніп, жетіліп отырамыз", - деді Қазақстан суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.

Қонақтар арасында Қырғыз Республикасының Алматыдағы консулы, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, белгілі және жас суретшілер, мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері де болды.

Көрме Алматы қаласының Мәдениет басқармасы мен ТҮРКСОЙ ұйымының қолдауымен, сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстан суретшілер одағының атсалысуымен ұйымдастырылды.

Экспозиция 2026 жылы 7 қарашаға дейін ашық болады. Көрмені сейсенбіден жексенбіге дейін сағат 10:00-ден 19:00-ге дейін Достық даңғылы, 44 мекенжайында тегін тамашалауға болады. Дүйсенбі – санитарлық күн.

Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалы қайта ашылды