Ертегі әлемі тәрізді: Алматыда Көктөбе телемұнарасының көшірмесі пайда болды

Телемұнара көшірмесін сауда орталығынан тамашалауға болады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алатау бөктеріндегі Алматының ажары күн сайын көркейіп-ақ келеді. Қаланың әсем кейпі үшін тек шаһар билігі ғана емес кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Мәселен, жуықта ғана түрлі түске боялған Көктөбе телемұнарасына қызығушылық танытқандардың саны көбейген. Себебі ол әр мереке қарсаңында өзге реңге еніп, тұрғындарды өзіне баурай бастады. Алматының сәніне айналған шаһардың төл символын енді сауда орталығынан да тамашалауға мүмкіндік бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шаһар төрінде, Розыбакиев көшесінің бойында орналасқан ірі сауда орталығының бірінде Көктөбе телемұнарасының дәлме-дәл кішігірім көшірмесі пайда болды. Оны құрастыру және әсемдеу жұмысымен 20 шақты адам айналысқан. Мамандар инсталляцияны бар-жоғы 10 түннің ішінде әзірлеп шығыпты. 

"Біздің қаламыздың сондай көрікті жерлеріне Көктөбе мұнарасының көшірмесін де қосып қойдық, енді ол жерден мұнараны толық көрге болады. Өйткені ол жерде жарық шамдары бар, Сонымен қатар "Альпі қалашығы" 14 метр, ол өздеріңіз көріп тұрғандай, өте үлкен ауқымды жоба. Адамдар қызығушылық танытып, бізге алғыс білдіріп жатады. Өйткені балалар бұл жерді көрген кезде ертегі әлеміне тап болғандай, кәдімгідей қызықтап көреді", - дейді сауда ойын-сауық орталығының PR-менеджері Мұхамед Бағдатұлы. 

Атап өтерлігі, сауда орталығына күніне 75 мыңға жуық адам келеді. Олардың барлығы «Альпі қалашығы» аталып кеткен бұл ерекше орынды қызықтамай өтпейді. Себебі инсталляция қысқы атмосфераны көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлайды. Ондағы автокөлік жолы мен пойыздардың қозғалысы, таулы аймақтың тыныштығы, ақ ұлпаның құрсауында қалған үйлердің түр сипаты және Көктөбе телемұнарасының жарқын бейнесі кез келген келушіні өзіне баурамай қоймайды.   

"Туристерге де, жергілікті тұрғындарға да қызық. Өзімізде бар осындай кереметтерді көрсеткен дұрыс деген ойдамын", - дейді қала тұрғыны Бекболат Найзабеков.

"Өте әдемі. Таңғажайыпқа толы десем артық айтпаспын. Өте шынайы көрінеді. Мереке келе жатқаны сезіледі", - дейді Үндістаннан келген турист Сау Мильёра.  

"Балаларға барлық жерді бірден көрсете алмайсың ғой. Ал мына жерден бәріне шолу жасап, бұрын барып көрген орындарды да бірден есіне түсіріп, көрсетуге болады екен", - дейді қала тұрғыны Ақмарал Мақсатқызы.

"Өзіммен бірге туыстарымды алып келдім. Бір жаңашылдық күткенмін. Биыл Көктөбе телемұнарасын жобаға қосып қойыпты. Өзім тауда тұратындықтан, оның шамына жиі қараймын. Сауда орталығына орналастырғаны дұрыс болыпты", - дейді тағы бір тұрғын Гузель Көлжасова.  

Инсталлияциядан әсем шаһар Алматының символына айналған орындарды анық байқауға болады. Жобадан Шымбұлақ тау шаңғы курортына ұқсас алаңды және оған апарар кішігірім арқан жолды да тамашалай аласыз. Ең қызығы, мұндағы әрбір бөлшек сол бір нысандардың шынайы кейпін айнытпай көрсетеді. Ал биыл ғана жарықшамдармен әсемделіп, көркейген әрі өзгеше реңге боялған – Көктөбе мұнарасы инсталлияцияны одан ары ерекшелей түскендей.

Тарихқа көз жүгіртсек, телемұнара 1983 жылы қолданысқа берілген. Биіктігі – 370 метр. Ерекшелігі сол, нысан 9 балдық жер сілкінісіне де төтеп бере алады. Бастысы, шаһарға өзгеше сипат береді. Ол сонысымен де дара, сонысымен де бағалы.

Еске салайық, теңіз деңгейінен шамамен 1400 метр биіктікте орналасқан телемұнара шаһар билігінің бастамасымен биыл алғаш рет түрленіп, жаңа кейіпке ие болған еді.  

Рүстем Айткәрім, Ернат Болатбек, AlmatyTV

Оқи отырыңыз: Үш жылдық бюджет бекітілді: Алматыда қандай салаларға көбірек қаржы бөлінбек

Новости партнеров