Ертең – Ұлттық валюта күні: Алматы мектептерінің бірінде қызықты іс-шара өтті

14.11.2025 21:03

Қазылар алқасы қатысушылардың шеберлігін бағалап, жеңімпазды анықтады

 

15 қараша – Ұлттық валюта күні. Осыдан 32 жыл бұрын алғашқы банкноталар жарық көріп, төл теңгеміз айналымға енген болатын, айтулы дата қарсаңында Алматыдағы мектептердің бірінде «Қаржылық IQ: ақылды еңбектің жемісі» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қаржылық сауаттылықты арттыруды мақсат еткен жиында Ұлттық банк өкілдері валюта тарихына тоқталып, оқушылардың толғандырған сұрақтарына жауап берді. Басқосу барысында арнайы дайындалған бейнеролик көрсетіліп, жасөспірімдер теңге жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.  

«Бұл семинардың мақсаты –оқушыларды ұлттық төл теңгеміздің тарихымен, оның маңызымен таныстыру. Сондай-ақ оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту, өз өнерлерін насихаттау мақсатында осы іс-шара өткізіліп отыр. Оған ауданнан оқушылар, ұстаздарымыз, көркем еңбек пәнінің мұғалімдері мен Ұлттық банк фабрикасының мамандары қатысып жатыр», - деді № 200 мектеп-гимназиясының директоры Айнұр Нұрымқызы.

Сондай-ақ білім ордасында «Ұлттық теңге – халқымыздың нышаны» атты байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға 8 ауданнан келген 12 оқушы қатысып, ұлттық валюта күніне орай өз қолдарымен әзірлеген ерекше бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. Қазылар алқасы қатысушылардың шеберлігін бағалап, жеңімпазды анықтады.

Айта кетейік, бұйымдар тек көрмеге қойылып қана қоймай, шағын жәрмеңке түрінде сатылымға шығарылды.  

«Бұл байқаудың мақсаты – оқушылардың шығармашылығын шыңдау, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру арқылы ұлттық теңгенің тәуелсіздігіміздегі маңызын түсіндіру және оның тарихымен таныстыру. Қазылар алқасы жұмыстарды олардың көркемдік, эстетикалық сапасы мен жасалу техникасын түсіндіруі және қорғауына байланысты бағалайды», – деді № 200 мектеп-гимназиясының мұғалімі Қарлығаш Қалдарова.

Оқи отырыңыз: Алғашқы медициналық көмек сапасын жақсарту: Алматыда халықаралық конгресс өтті