Алғашқы медициналық көмек сапасын жақсарту: Алматыда халықаралық конгресс өтті

Іс-шараның мақсаты – ұлттық және халықаралық табысты тәжірибені зерделеу

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде денсаулық сақтау бойынша Алматы мен Астана декларацияларына арналған халықаралық конгресс өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Іс-шараның мақсаты – алғашқы медициналық-санитариялық көмек шеңберінде қауымдастықтардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, тиімді өзара іс-қимыл мен серіктестік үлгілерін құрудағы ұлттық және халықаралық табысты тәжірибені зерделеу. Сондай-ақ мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастық арқылы халықтың қажеттіліктеріне бейімделген сапалы медициналық-әлеуметтік көмек пен қолдауды қамтамасыз етуге бағытталған оң өзгерістерге қол жеткізу.  

«Бұл медициналық конгрестің ерекшелігі - Қазақстанда алғаш рет дәрігерлермен қатар қауымдастық өкілдері, халық арасынан шыққан көшбасшылар, әкімдік өкілдері қатысып отыр. Олар бірігіп, медициналық көмекті қалай жақсартуға болатынын талқылайды», - деді «Primary Health Care» ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Роза Абзалова.

Жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Ресей Федерациясының денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жауапты орталықтарының қызметкерлері мен сарапшылары қатысты. Сонымен қатар медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің, ұлттық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері де бой көрсетті. Конгресс аясында қатысушылар Еңбекшіқазақ ауданының үздік тәжірибе орталықтарының, сондай-ақ Алматы қаласындағы №4 және №29 қалалық емханалардың медициналық-әлеуметтік инновацияларымен танысты.  

«Бастапқы медициналық-санитарлық көмекті ұйымдастыру кезінде пациенттерге бақылау, түзету және аурудың асқынуына алып келуі мүмкін барлық қауіп факторларын басқару бағдарламасы жүргізіледі. Биыл енгізілген басты жаңалық – науқастарды ауру белгілері пайда болғаннан кейін емес, тек қауіп факторлары бар кезеңнен бастап сүйемелдеу. Бұл тәсіл аурудың дамуын болдырмауға, тәуекелді төмендетуге және адамның белсенді өмірін жалғастыруына мүмкіндік береді», - деді Алғашқы медициналық-санитариялық көмек ғылыми-зерттеу ұлттық медициналық орталығының өкілі (Ресей) Любовь Дроздова.

Оқи отырыңыз: Алматының Наурызбай ауданы әлеуметтік қолдауды күшейтіп, тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашып беріп жатыр

Новости партнеров