Есей Жеңісұлы: Жаңа футбол стадионы әлемде Алматыны спорттық инфрақұрылымы дамыған мегаполис ретінде қарастыруға мүмкіндік береді

Құлжа мен Талғар тас жолының аралығында бой көтеретін халықаралық деңгейдегі нысанның аумағы шамамен 15 гектар болмақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жаңа футбол стадионы – Орталық Азияда ғана емес, әлем бойынша Алматыны спорттық инфрақұрылымы дамыған мегаполис ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сол үшін де ол бізге керек». Бұл –белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісқлының пікірі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – жаңа футбол стадионы салынатын жер. Құлжа мен Талғар тас жолының аралығында бой көтеретін халықаралық деңгейдегі нысанның аумағы шамамен 15 гектар болмақ. Жобалаушылардың мәліметінше, стадион 35 мың көрерменге есептелген. Болашақта мұнда әлемдік деңгейдегі матчтер өткізіліп, шаһарда бұқаралық спорт айтарлықтай дами түспек.

Жобаға сәйкес жаңа стадион FIFA мен UEFA-ның қатаң талаптарына сай салынбақ. Бұл регламентте көрермен саны 30 мыңнан кем болмауы қажет. Ал чемпиондар лигасы мен Еуропа чемпионаты ойындарына рұқсат етілген 4-санаттағы стадион 35 мың мен 40 мың көрерменді қамти алуы тиіс. Жоспарланған арена осы стандарт бойынша тұрғызылады. Белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлы «бұл – еліміздің беделін халықаралық деңгейде арттыруға зор мүмкіндік» дейді.

«Жаңа стадион салынады» деген жаңалықты қуана қарсы алып отырмыз. Алматыда өздеріңіз білесіздер, тұрғындар саны 2,5 миллионға жуықтап қалды. Сондықтан қалаға 1 команда да аздық етеді. Сондай-ақ 2011 жылғы қысқы Азия ойындары, 2017 жылғы қысқы Универсиада қарсаңында жақсы спорт нысандары салынды. Бұл – Орталық Азиядағы белгілі бір дәрежеде Алматыны спорттық инфрақұрылымы дамыған үлкен мегаполис ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл стадион бізге керек», – деді спорт комментаторы Есей Жеңісұлы.

Құрылыс жұмыстары аясында кешен жанына жаттығу алаңдары, жанкүйерлерге арналған демалыс аймақтары мен заманауи қауіпсіздік жүйелері орнатылмақ. Спорттық іс-шаралардан бөлек, мұнда әлемдік және отандық өнер майталмандарының концертін, мерекелік кештер, көрмелер өткізу де жоспарда бар.

«Стадионның құрылысы еліміздің спортының дамуына үлкен бір серпіліс береді. Өйткені, біздің құрама командалар УЕФА-ның стандарттарына сәйкес үлкен ойындарға қатысады. Халықаралық деңгейдегі үлкен жарыстарды қабылдай аламыз. Спортшылардың арасында жақсы жаңалық. Біз жаңа алаңды салып қана қоймай, өзіміздің Орталық  стадионымызды модернизациялауды жоспарлап отырмыз», – деді Спорт басқармасы спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мұхтар Мұқанов.

Бұл ретте айта кетейік, Орталық стадион тарихи қалпында сақталады. Онда әдеттегідей іс-шаралар легін ұйымдастыру жалғаса береді. Бірақ алдағы уақытта қайта жаңғыртудан өтпек. Ал жаңа стадион салынатын аумақ әлемдік тәжірибеге сай таңдалыпты. Бұл жер - қаланың маңызды көлік-логистикалық торабына айналып, аренаны қалалық инфрақұрылымға тиімді кіріктіруге мүмкіндік береді. Мұны спорт сарапшысы да құптап отыр.

«Таңдап отырған жері де ұнайды. Өйткені, ол жерде кеңістік бар және «Халық Арена» бар. Екі спорттық нысан бірін-бірі толықтырып тұрады деген сөз. Қыста өзіміз де балаларды апарып, коньки тебетін уақыттар бар. Сондықтан белгілі бір дәрежеде бұл адамдардың демалыс аясын кеңейтеді», – деді Есей Жеңісұлы.

Басқарма өкілдері бұл жаңалықты әсіресе, спортшылар жақсы қабылдағанын айтады. Өйткені, стадион халықаралық матчтар өткізетін басты алаңға айналмақ.

Атап айтқанда, Конференциялар, Еуропа және Чемпиондар лигасының ойындары секілді жыл сайын шамамен жеті еурокубоктық ойын өткізу жоспарланып отыр. Ал бұл – Қазақстанның ұлттық құрамасы үшін берері мол бастама болмақ.

Аяулым Көлжігіт, Әлішер Ерғалиұлы

 

 

 

 

 

Новости партнеров