«Қайрат» клубы өз алаңында Шотландияның «Селтик» командасын қабылдайды

Алматының Орталық стадионында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Орталық стадионында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының әнұраны шырқалады. Жергілікті «Қайрат» футбол клубы плей-офф кезеңінде Шотландияның «Селтик» командасын қабылдайды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алғашқы кездесу Шотландияның  Глазго қаласында өтіп, онда жеңімпаз анықталмай, матч 0:0 есебімен аяқталған еді. Сондықтан бүгінгі ойынның маңызы ерекше. Астана уақытымен 21:45-те басталатын матчты қазірдің өзінде мыңдаған жанкүйер тамашалауға жиналыпты.

Алматыдағы 23 мың 800 жанкүйерді құшағына сыйдыратын Орталық стадионда атмосфера ерекше. Тарихи ойынға үш сағат қалса да, жанкүйерлердің қарасы қалың. Сары-қара түсті формаларын киіп, қолдарына шарфтарын алып, әндетіп, футбол мерекесін бастап та кетті. Айтпақшы, бүгін стадион лық толады. Себебі билеттер небәрі бір жарым сағаттың ішінде сатылып кеткен. Тіпті сұраныс 100 мыңнан асып, жығылыпты.

Бұл – «Қайратқа» деген сенімнің айқын дәлелі. Енді Алматылық футболшылардың аталған турнирдегі жүріп өткен жолына тоқталатын болсақ. Алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» , Финляндияның КуПС, Словакияның «Слован» командасын қапы қалдырып кеткен еді.

Бүгінгі тарихи ойында италиялық мамандар төрелік етеді. Ал қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін 2 мыңнан астам полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның сарбаздары жұмылдырылыпты. Оған қоса, Қайрат академиясының еріктілері жанкүйерлерге бағыт-бағдар беріп, өз секторларына отыруға көмектесуде. Ал стадионға жетуді ыңғайлы ету үшін қаладағы негізгі нүктелерден тегін автобустар қарастырылған. Сонымен қатар Абай, Байтұрсынұлы және Сәтбаев көшелері ішінара жабылады.

Айта кетейік, «Селтик» бұған дейін қазақстандық клубтармен үш мәрте жолыққан. 2013 жылы «Шахтерді», 2016 және 2017 жылдары «Астананы» жарыс жолынан шығарған болатын. Бірақ бүгінгі кеште «Қайрат» жанкүйерлері өз командасының жеңісіне сенім артып отыр.

«Жақсы ойын көрсетеміз деп ойлаймын. Біздің командаға тек қана сәттілік тілеймін. Жеңісті қолдаймын, жеңіс болады деп ойлаймын. 1:0 болсын, 2:1 болсын, 1 бал болса да ұтамыз», – деді жанкүйер Ерлік Нұрманов.

 «Бүгін міндетті түрде «Қайрат» жеңеді деген сенімдеміз. Мен барлық мачтарына келемін, жанкүйермін. Футзалына да келемін. Ол жақта да керемет ойнайды. Бүгін 100 пайыз жеңеді деген ойдамын», – деді жанкүйер Бекзат Аманов.

Егер бүгін «Қайрат» жеңіліп қалса, онда Еуропа лигасында өз жорығын жалғастырады. Ал жеңіске жетсе – Алматыға әлемнің алпауыт клубтары: испандық «Реал Мадрид», «Барселона», француздың «ПСЖ» сынды командалары келуі мүмкін. Бұл – қазақ футболы үшін тарихи қадам болмақ. Сондықтан барлығымыз «Қайратқа» жанкүйер болайық! Сәттілік тілейміз!

Сағат 21:45-те басталатын ойынды тікелей эфирден тамашалай аласыздар.

Оқи отырыңыз: Есей Жеңісұлы: Жаңа футбол стадионы – әлемде Алматыны спорттық инфрақұрылымы дамыған мегаполис ретінде қарастыруға мүмкіндік береді

 

 

Новости партнеров