Еуропалық медиа ресурс Алматыны халықаралық аудиторияға таныстырды

28.10.2026 09:40

depositphotos.com

Еуропаның жетекші ақпарат құралдарының бірі Euronews Алматы туралы туристік материал жариялап, шетелдік аудиторияны қаланың таулы аймақтардағы көрікті жерлерімен, мәдени нысандарымен және ұлттық тағамдарымен таныстырды. Бұл туралы Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Discovering Almaty: Mountain mornings, street art and market flavours» («Алматыны танып-білу: таудағы таң, көше өнері және жергілікті базарлардың дәмі») атты мақала ағылшын, неміс және испан тілдерінде қолжетімді. Материал Yahoo Travel халықаралық туристік платформасында да жарияланған.

Мақалада Euronews саяхатшыларға Алматымен танысуды таудан бастауды ұсынады. Шымбұлаққа ерекше назар аударылған. Мұнда тек шаңғы тебу үшін ғана емес, жылдың кез келген мезгілінде серуендеп, демалуға да болады.

Жарияланымның жеке бөлімі сәулет өнері мен бейнелеу өнеріне арналған. Журналистер ғимараттардағы тарихи мозаикалар, Вознесенск кафедралды шіркеуі және Қазақстанның, Орталық Азия мен басқа да елдердің заманауи өнер туындылары ұсынылған Almaty Museum of Arts музейі туралы баяндаған.

Гастрономия да назардан тыс қалмаған. Оқырмандарға Көк базарға барып, ет, қазы, құрт, қымыз және басқа да дәстүрлі тағамдардан дәм тату ұсынылады.

Материал авторлары Алматының Орталық Азияға саяхат жасаудың бастапқы нүктесі ғана емес, өз алдына жеке туристік бағыт бола алатынын атап өткен. Euronews саяхатты жалғастырмас бұрын қаланы аралап көруге бірнеше күн бөлуді ұсынады.

Халықаралық қызығушылықты статистикалық деректер де растайды: 2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келген. Оның 754 мыңы – шетелдік қонақтар. Алдыңғы жылмен салыстырғанда шетелден келетін туристер саны 10%-ға артқан.

Толық көрсету