Алматы тауларында 74 жаңа туристік және инженерлік нысан салынады

30.09.2026 20:59

Жаңғырту жұмыстары тек қысқы спорт инфрақұрылымымен шектелмейді

Алматының таулы аймақтарында алдағы жылдары 74 жаңа туристік және инженерлік нысан салу жоспарланып отыр. Шымбұлақ, Кімасар, Бұтақты, Пионер және Ой-Қарағайды бір жүйеге біріктіру – Алматы тау кластерін дамыту жоспарының негізгі бағыттарының бірі. Жоба аясында әр аумақтың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, келушілерге қолайлы жағдай жасау және туристік ағынды арттыру көзделген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінде Шымбұлақ, Кімасар, Бұтақты, Пионер және Ой-Қарағай Алматы тұрғындары мен қонақтары жиі баратын туристік орындардың қатарында. Алдағы жылдары бұл аумақтарды біртұтас тау жүйесіне біріктіріп, инфрақұрылымын жаңғырту жоспарланған.

Жоба бойынша қазіргі инфрақұрылым кеңейтіліп, жаңа аспалы жолдар салынады және қолданыстағылары жаңғыртылады. Тау шаңғысы трассаларының жалпы ұзындығын 41 шақырымнан 130 шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Жаңғырту жұмыстары тек қысқы спорт инфрақұрылымымен шектелмейді. Отбасылық демалыс орындары, қоғамдық нысандар, жалға беру және тамақтану орындары, медициналық көмек пен құтқару бекеттерінің санын арттыру жоспарланған. Пионер аумағында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тауға еркін шығуына жағдай жасау да қарастырылған.

– Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – тауды тек қысқы демалыс пен шаңғы тебетін орын ретінде қабылдау түсінігін өзгерту. Алматының басты артықшылығы – таулардың мегаполиске жақын орналасуы. Сондықтан бұл аумақтарды жыл бойы пайдалануға мүмкіндік мол. Қыста мұнда тау шаңғысы, сноуборд және басқа да қысқы спорт түрлері дамиды. Ал жылы мезгілде жаяу серуендеу, треккинг, велосипед бағыттары, отбасылық және балалар демалысы, спорттық және сауықтыру бағдарламалары, табиғат аясындағы танымдық бағыттар ұйымдастырылады, – деді «Almaty Tau Management» баспасөз хатшысы Сәулет Құсайынова.

Туристер саны артқан жағдайда көлік жүктемесі де ұлғаяды. Сондықтан тау жолдарындағы қозғалысты реттеу үшін арнайы тұрақтар мен көлік ауыстырып мінетін орындар қарастырылып отыр. Келушілер көліктерін тау етегінде қалдырып, әрі қарай электрлі шағын автобустармен жүре алады. Бұл жолдардағы кептелісті азайтып, тау табиғатын сақтауға септігін тигізбек.

– 2025 жылы Алматыға 2,5 миллионға жуық турист келді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Шетелдік туристердің саны 750 мыңға жуықтап, шамамен 10 пайызға өсті. Ішкі туристер саны 1,7 миллионға жуықтап, 4,3 пайызға артты. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыға 1,2 миллион турист келді, – деді Almaty Tourism Bureau жобаларды ілгерілету бөлімінің бас менеджері Елнұр Болатбек.

Бес тау аумағын біртұтас бағыт ретінде дамыту үшін ортақ шаңғы билетін енгізу жоспарланған. Яғни туристер бір билетпен бірнеше жерде сырғанай алады. Сонымен қатар жол сілтейтін белгілер біріздендіріліп, қауіпсіздік талаптары күшейтілмек. Қар көшкіні мен ауа райын бақылау, құтқару және медициналық көмек көрсету жүйелерін де жетілдіру көзделген.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, Almaty TV.

Толық көрсету