Бүгінде Алматыда 200 мыңнан аса студент білім алады
«Алматының ғылым арқылы дамуына ықпал ететін бастамаларды іске асыру - ортақ міндет». Бұл қала әкімі Дархан Сатыбалдының жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесуінде айтқан пікірі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Келер оқу жылына қойылған міндеттерді талқылауға бағытталған жиында шаһар басшысы жатақханалардың жағдайын бақылауды күшейту керек екенін тапсырды. Қазірдің өзінде студенттер үйін тексерудің алғашқы кезеңі басталғаны, ал екінші кезең тамыз айына жоспарланғаны сөз болды.
Одан бөлек, басқосуда жастар тәрбиесіне айрықша көңіл бөлу, оларды халықаралық, қалалық жобаларға қатыстыру, инженерлік және педагогикалық білім беруді дамыту жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды. Әкімдік жанынан ғылым және технологиялар жөніндегі Қалалық кеңестің құрылғаны да жеткізілді.
«Ғылым және технология кеңесі бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, оны білесіздер. Бұған дейін Бюджеттік кодекске, Ғылым туралы заңға сәйкес қаржыландыра алмайтынбыз. Қазір осындай мүмкіншілік бергеннен кейін, осы кеңеске сәйкес бірінші қаулыға қол қойдым. Сіздермен бірлесе отырып өзекті мәселелерді шешетін болсақ, соларды жергілікті бюджеттен қаржыландыруға дайынбыз», - деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.
Жиында қала әкімі студенттерге қолдау білдіретін дағдарыс орталығын іске қосуға бағытталған жоспарды таныстырды. Бұл мекемелер жастардың өтінішіне дер кезінде назар аударып, түрлі қатердің алдын алуға көмектеспек екен.
Сондай-ақ шаһар басшысы студенттерді сенбіліктен бастап, қоғамдық іс-шараларға қатыстыру келер ұрпақтың бойында жауапкершілік пен белсенділік қасиетін қалыптастыратынын атап өтті.
Еске салайық, бүгінде Алматыда 200 мыңнан аса студент білім алады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда кәріз жүйесінің 65%-ы тозған: Үкімет жаңғырту жұмыстарын бастады