Инклюзивті құзыреттілік: Алматыда ерекше жастарға арналған тігін орталығы ашылды

Жаңа әлеуметтік нысан колледждердің бірінің базасында құрылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда он алтыншы инклюзивті құзыреттілік орталығы ашылды. Жаңа әлеуметтік нысан «Тігінші» мамандығы бойынша қаладағы колледждердің бірінің базасында құрылыпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Игі іс-шараға атсалысқандардың айтуынша, мақсат — ерекше қажеттіліктері бар жандарды сапалы кәсіби біліммен қамтамасыз ету, оларды қоғамға әрі еңбек нарығына интеграциялау, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіптің сұранысқа ие салаларында кәсіби дағдыларын дамыту. 

«Құзыреттілік орталығы дегеніміз – қазіргі заманға сай құрал-жабдықтармен қамтылған орын. 2020–2021 жылдары 4,2 млрд теңге көлемінде республикалық қаржыға құрал-жабдықтар алынған болса, қосымша Алматы қаласының бюджеті есебінен қажетті жабдықтар тағы да сатып алынып, бүгін осы құзыреттілік орталығын ашып отырмыз», – деді Білім басқармасының стратегия және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Ерік Әбішаев.

«Бүгінгі орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы аясында, Алматы қаласы әкімдігі мен Білім басқармасының қолдауымен, 2025 жылдың медиа жоспары негізінде ұйымдастырылып отыр», – деді колледж директорының орынбасары Аян Нұрғалиев.

Жаңа орталықта білім беру бағдарламалары тігінші, арнайы тігінші және модельер-пішуші мамандықтары бойынша іске асырылады.

Айта кетейік, аталған колледжде 924 студент білім алады, оның 251-і ерекше білім беру қажеттіліктері бар жастар екен. 

«Менің балам осы колледжде білім алады. Әрине, мұндай орталықтың ашылып, ерекше қажеттіліктері бар балаларға кәсіптік білім беру ісіне көңіл бөлінгеніне қуаныштымын. Бұл – өте маңызды қадам», - деді ата-ана Әлия Мүсәпірова.

Оқи отырыңыз: Алматы қаласы әкімінің орынбасары студенттік жатақханалардың құрылыс барысын тексерді

Новости партнеров