Жоба аясында 18,8 шақырым су құбыры мен 27,9 шақырым кәріз желісі салынады
Алматының Түрксіб ауданында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту белсенді жүзеге асып жатыр. Ақан сері - Шолохов - Сейфуллин көшесінің аумағында су құбыры мен кәріз жүйесінің құрылысын қамтитын үлкен жоба басталды. Жұмыс қарқыны жайында аудан әкімі Бақытжан Ақжаров баспасөз турында баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жоба аясында 18,8 шақырым су құбыры мен 27,9 шақырым кәріз желісі салынады.
Аудан әкімі Бақытжан Ақжаров «алдағы 3-4 жылда Түрксіб ауданындағы 25 мың жеке тұрғын үй сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етіледі» дейді. Мәліметінше, жыл соңына дейін Нижняя Пятилетка, Қайрат шағынаудандарында, Қрасногорская, Сүйінбай даңғылы мен Асылбеков–Соболев-Сарымолдаев көшелерінің аумағында 143,4 шақырым су құбыры мен 53,1 шақырым кәріз желісін жаңғырту аяқталады. Сондай-ақ ауданда екі кәріз сорғы стансасының құрылысын бастау жоспарланған.
«Сумен қамту және кәріз желілерін жаңғырту ісіне ерекше көңіл бөлеміз. Қазір ауданда 5 жоба жүзеге асып жатыр. Біз тұрған учаскедегі жұмыс келер жылдың көктемінде аяқталады. Инженерлік желілерді жаңартып қана қоймай, аумақты абаттандыруды да қолға аламыз. Бұл жоба 1200 абонентке сапалы коммуналдық қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек», – деді Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров.
Әкімнің сөзінше, Түрксіб ауданында тұрғын үй қоры да жаңарып келеді. Бүгінде бұл аумақта 582 ескі үй бар. Жауаптылардың айтуынша, қазір аудандағы 8 учаскеде реновация аясында құрылыс қолға алынған.
Айта кетейік, 2021 жылдан бері аталған бағдарлама шеңберінде ауданда 28 ескі баспана бұзылып, орнына 17 заманауи көпқабатты тұрғын үй салынған.
«Бүгінде реновация бағдарламасымен айналысатын «Күрделі құрылыс кәсіпорнының» қызметкерлерімен бірлесе тұрғын үй кешенін салып, тұрғындарға табыстадық. Онда жалпы ауданы 7500 шаршы метрден асатын 152 пәтер бар. Олардың барлығы азаматтарға таза күйінде берілді. Осы учаскеде тағы бір тұрғын үй кешенін салуды бастадық», – деді инвестициялық компанияның өкілі Ерген Бектұров.
Сондай-ақ аудан әкімі журналистерді Алматы-1 теміржол вокзалы алдындағы скверді жаңғырту жобасымен таныстырды. Бұл шаруа «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асқан. Оның шеңберінде вокзалға іргелес жатқан көшелер де абаттандырылады.
Гүлмарал Изатқызы, Әлішер Ерғалиұлы
Оқи отырыңыз: Ауыз сумен қамту: Алматыда Ерменсай шағынауданында су құбыры тартылып жатыр