Таза Қазақстан: ел аумағынан 1,4 миллион тонна қоқыс жиналды

20.12.2024 18:10

Экологиялық науқаны басталғалы 3,5 миллионға жуық адам қатысты

"Таза Қазақстан" экологиялық науқаны басталғалы 3,5 миллионға жуық адам қатысып, белсенділік танытқан. Нәтижесінде ел аумағындағы 1 млн 700 мыңнан астам аула тазаланып, бағдарлама аясында 1,4 миллион тонна қоқыс жиналды. Сондай-ақ республиканың түкпір-түкпірінде 3 млн түп көшет отырғызылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

"Таза Қазақстан" республикалық экоакциясы – ел аумағын көгалдандырып, абаттандыруды, сенбіліктер ұйымдастырып, экологиялық жағдайды жақсартуды міндет еткен. Науқан аясында биыл Астана мен Алматы қаласындағы және Қызылорда, Түркістан облысындағы аулалар толықтай тазартылды. Ал республикадағы саябақтардың 99 пайызы және әлеуметтік нысандардың 98 проценті қоқыстан арылған. Сала мамандары "акцияға Алматы қаласының қосқан үлесі өте көп" дейді. 

"Алматы қаласы республика бойынша алғашқы қалалардың бірі болып, осы акцияны 8 сәуірде бастады. «Таза Қазақстан» акциясында Алматы қаласы бойынша 2 мың тоннадан артық қалдық жиналып, полигондарға шығарылды", – деді  Экология департаментінің бас маманы Нұржан Бөлекбаев.

Әсем шаһар Алматының "Бақша қала" статусы да уақыт өте жандана бермек. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін 2023 жылдан бері 650 мыңға жуық көшет отырғызылды. Ал 2025 жылы биіктігі 4 және 6 метрден асатын 27 мың ағаш егіледі. Сонымен қатар мегаполистегі 4 мыңнан астам аула аумағын күтіп ұстау үшін бөлінетін қаржы 2025 жылы биылғымен салыстырғанда 3 миллиардқа артады.  

"Жергілікті атқарушы органдардың және Алматы қаласы экология департаментінің бастамасымен биыл "Таза Қазақстан" науқаны аясында шаһарда ауқымды 13 іс-шара өткізілді. Науқанға 432 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ 600-ден астам техника жұмылдырылды",  – деді Экология департаментінің бас маманы Диана Асланқызы.

Атап өтер жайт, жасыл желектерді отырғызу және күтіп ұстау бойынша қолданылған жаңа тәсілдердің нәтижесінде ағаштардың құлау деңгейі 2 жылда 20 пайызға азайған. Ал жасыл желекті автоматты түрде суару үшін 2 жыл ішінде 500 шақырым желі салынған. 2025 жылы көрсеткіш тағы 290 километрге ұлғаймақ.

"Таза Қазақстан" науқанның мақсаты  тек қоқыс жинау емес. Экосауаттылықты арттыру, айналаны таза ұстауды күнделікті әдетке айналдыру. Науқанға жастар белсенді қатысты", – деді "Жасыл ел" жастар жасағының басшысы Әділ Нұрпейісов.

"Таза Қазақстан" науқаны айналаны күтіп ұстауға бағытталғандықтан, Алматыны көріктендіру мен көгалдандыру жұмысы да одан ары жалғаса береді. Ал оны жүзеге асыру үшін бөлінетін бюджет келер жылы биылғымен салыстырғанда 40 пайызға көбейеді. 

Рүстем Айткәрім, Әлишер Ерғалиұлы

Оқи отырыңыз: Елордада 30-дан астам шырша орнатылды