«Қалқаман» метро бекетіндегі құрылыс монтаж жұмыстары қашан аяқталады

23.02.2026 21:10

Дархан Сатыбалдыға баяндады. Мегаполис басшысы станса аумағын көркейтуге дайындық барысы мен тоннелдерде жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты

«Қалқаман» метро бекетіндегі құрылыс монтаж жұмыстары биыл шілде айына дейін аяқталады. Бұл туралы мердігер компания өкілдері қала әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндады. Мегаполис басшысы станса аумағын көркейтуге дайындық барысы мен тоннелдерде жүргізіліп жатқан жұмыспен танысты,  деп хабарлайды Almaty.tv.

Тереңдігі 18 метр болатын бекеттің өзінде әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Эскалаторлар мен жеделсатылар орнатылып, бейнебақылау, өртке қарсы дабыл, желдету, ауа сапасын бақылау және пойыз қозғалысын автоматты басқару жүйелері дайын. Мердігер компания өкілдерінің сөзінше, тоннельдегі жұмыстар кесте бойынша жүргізіліп жатыр. Ал бекет маңын абаттандыру аясында ағаштар мен мыңнан астам бұта отырғызылып, жүргіншілерге арналған аймақтар жасау, жарықтандыру жүйелерін орнату , автотұрақтар мен аялдама кешенін салу көзделген.

«Бұл аумақта тұрғындар серуен құратын саябақтар аз. Сондықтан бекеттің маңайын мейлінше көгалдандырып, жайлы жағдай жасау – маңызды міндет. Қала әкімі Дархан Сатыбалды үнемі келіп, мұнда атқарылып жатқан жұмыспен танысады. Бүгін көріктендіру жұмысына дайындық барысы жайында баяндадық. Қазір құрылыс нысанында 400 маман жұмыс істеп жатыр», – деді  бас мердігер ұйымның өкілі Мұрат Өкшебаев

Сондай-ақ шаһар әкімі жұмыс сапары барысында қоғамдық кеңістіктерді көркейту жобаларымен танысты. Дархан Сатыбалды жауапты мамандарға бірқатар аумақты кешенді жаңғырту мүмкіндіктерін зерделеуді тапсырды. Қала басшысының сөзінше, кей көшелердің функционалдық рөлін қайта қарап, біртұтас сәулеттік-кеңістік орта қалыптастыру маңызды.

«Біздің мақсатымыз - Алматының барлық тұрғыны мен туристері үшін көшелерді барынша ыңғайлы, жайлы әрі көркем ету. Бастамалардың қатарында Құрманғазы көшесінің Абылай хан даңғылынан Достыққа дейінгі бөлігін гастрономиялық аумақ ретінде қалыптастыру бар. Өйткені бұл – жүргіншілер көп серуендейтін, қоғамдық тамақтану орындары көп орналасқан көшенің бірі», – деді  «Алматы «ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Наталья Ливинская.

Одан бөлек, мегаполис басшысының сөзінше, алдағы уақытта тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандардың қасбетін бірыңғай дизайн код талаптарына сәйкестендіру, іргелес аумақты көркейту, жазғы терассалар ұйымдастыру, сондай-ақ сыртқы жарнаманы ретке келтіру жайын жан-жақты талқылау қажет. Қала әкімінің айтуынша, Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы қоғамдық кеңістік құру – міндет.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматыда жаңа Конституция жобасы талқылады