Соңғы жылдары мегаполиске деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді.
1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні Алматы халықаралық әуежайында шетелдік қонақтарды қарсы алу ерекше форматта ұйымдастырылды. Қалаға табан тіреген сәттен-ақ туристерге ұлттық нақыштағы естелік сыйлықтар ұсынылып, қазақы қонақжайлылықтың айрықша үлгісі көрсетілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл игі бастама Алматы қаласының Туризм басқармасы, халықаралық әуежай, Шекара қызметі мен кеден органдарының бірлесуімен жүзеге асты. «Халықаралық қонақтарға арналған қарсы алу сыйлығы» атты жоба әрбір мейманға деген шынайы құрмет пен ілтипаттың белгісіне айналды.
Осы күні Алматымен танысу дәстүрлі туристік бағыттардан бұрын әсерден бастау алды. Жылы жүзбен қарсы алу, ақ пейіл мен мерекелік көңіл күй Бірлік күнінің негізгі мазмұнын — татулық, бейбітшілік және мәдени әртүрлілікті айқын сездірді.
Соңғы жылдары Алматыға деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қалаға 754 мың шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 800 мыңнан аспақ. Бұл Алматының өңірдегі жетекші туристік орталықтардың бірі ретіндегі мәртебесін нығайта түседі.
Туризм басқармасы өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар қала туралы алғашқы оң әсер қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып отыр. Алматы өзін ашық, заманауи әрі қонақжай шаһар ретінде танытып келеді.
Оқи отырыңыз: Алматыда Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтті