Кәріз жүйесі жоқ: Алматының жоғарғы бөлігінде құрылыс жүргізуге тыйым салынады

06.08.2025 15:52

Таулы аймақтың көп бөлігінде топырақ көшу қаупі байқалады

Алматы қаласының жоғарғы бөлігінде көпқабатты тұрғын үйлерді салуға және аумақты тарылтатын құрылыс жүргізуге мораторий енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл іс Мемлекет басшысының тапсырмасына сай жүзеге асырылып отыр. Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының дерегінше, шектеу Талғар трактісінің оңтүстік бөлігін, Шығыс айналма жолын, Әл-Фараби даңғылы мен Саин, Жандосов көшесін қамтиды. Жауапты мамандар, бұл маңда әлеуметтік инфрақұрылымның деңгейі төмендеп тұрғанын, медициналық мекемелердің, білім ордаларының саны аз екенін айтты. Сонымен қатар орталықтандырылған кәріз жүйесінің, арық желісінің жоқтығы да шешімге әсер еткен. Әрі таулы аймақтың көп бөлігінде топырақ көшу қаупі байқалатындықтан да нысан тұрғызуға тыйым салынады.

«Қаланың жоғарғы бөлігінде ауқымды құрылыс жүргізуге жағдай жоқ. Себебі ол маңда кәріз жүйесі болмағандықтан, тұрғындар әжіқұдық қолданады. Сәйкесінше, септик жерді ылғалды етіп, топырақ көшу қаупін тудырады. 

Атап өтейік, қаланың бас жоспарына да өзгерістер енгіземіз. Жасыл желек жайқалған аймақтарды көбейтеміз», – деді Жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары Арман Айшуақов.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігі Президент тапсырмасы аясында құрылысқа енгізілетін шектеулерді түсіндірді