Сайлау заңына сәйкес дауыстарды санау уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс
Алматыда Құрылтай сайлауына қатысу көрсеткіші соңғы бес жылдағы рекордтық деңгейге жетті. Орталық сайлау комиссиясының дерегіне сай шаһардың үлесі – 43,23 пайыз болды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Бұған дейін қала халқы биыл 15 наурызда өткен жаңа Конституция бойынша референдумда 33,43 пайыз дауыс берген.
Айта кетейін, еліміздің барлық сайлау учаскелерінде дауыс беру аяқталды. Комиссиялар бюллетеньдерді санауға кірісті. Сайлау заңына сәйкес дауыстарды санау уақыты 12 сағаттан аспауы тиіс.
«Сағат 20.00-дегі жағдай бойынша 9 352 151 сайлаушы бюллетень алды. Ол тізімге енгізілген азаматтардың 74,19%-ын құрады. Қазақстан Республикасы Құрылтайына депутаттарды сайлау бойынша дауыс берудің алдын-ала нәтижелері арнайы брифингте хабарланатын болады», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Елде дауыс беру аяқталса да, шетелдегі сайлау учаскелері әлі де жұмыс істеп тұр. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, тек 11 елде дауыс беру тоқтаған. Шетелде тіркелген 11 мың 402 сайлаушының 6 мыңнан астамы таңдауын жасап үлгерген. Ең соңғы болып АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы отандастарымыз дауыс беруді аяқтайды.
Оқи отырыңыз: Жарқын, ауқымды, креативті: Алматыда дауыс беру күні қалай өтті