Құрылтай сайлауы: Алматыда жастардың белсенділігі жоғары

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Мегаполисте сайлаушылар үшін барлық жағдай жасалған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ал Алматыда таңғы 7-ден бастап 670 сайлау учаскесі өз жұмысын бастады. Мегаполисте 1 миллион 329 мыңнан астам тұрғын өз таңдауын жасауға құқылы. Алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауында дауыс беру тәртібіне жаңа талап енгізілді. Толтырылған бюллетеньді фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялауға тыйым салынды. Мамандар мұндай шектеу таңдау құпиясын сақтау мақсатында қабылданғанын айтады. Талапты бұзған азаматтарға айыппұл қарастырылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай депутаттарын сайлауда алматылықтар 670 учаскеде өз таңдауын жасайды. Мегаполисте 1 миллион 329 мыңнан астам азамат дауыс беруге құқылы. Олардың 33 пайыздан астамы – 35 жасқа дейінгі жастар. Жас сайлаушылар қатарында 52 мың студент бар. Сондай-ақ азаматтық таңдауын алғаш рет жасайтындардың да үлесі айтарлықтай.

«Алматыда жалпы 18 жастағы 40 мыңнан астам азамат бар. Соның 13 мың 777-сі бұл жолы алғаш рет дауыс береді. Олар – 16 наурыз бен 23 тамыз аралығында кәмелет жасына толған. Сондай-ақ «Жасыл ел» бағдарламасымен қаламызда еңбек етіп жүрген өзге өңірлерден келген 866 студент алдын ала өтініш беріп, сайлау учаскелеріне тіркелген. Олар да өз таңдауын Алматыда жасайды», – деді Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Айгүл Қалықова.

Таңғы сағат 7.00-де есігін ашқан Алматыдағы 670 сайлау учаскесі тұрғындарды қабылдауға кірісті. Саяси науқан өтіп жатқан барлық орындарда дауыс беруге арналған жәшіктер мен қажетті техникалық құралдар орнатылған. Сондай-ақ бюллетень үлгісі мен сайлау тәртібіне қатысты негізгі мәліметтер арнайы тақтайшаларға ілінген. Алматыда дауыс беруге құқылы 9,5 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Олардың кедергісіз таңдау жасауы үшін учаскелерде барлық жағдай жасалды.

«Алматы қаласы бойынша мүгедектігі бар адамдардың саны  - 9 566. Ол кісілер үшін әрбір сайлау учаскелерінде Брайль шрифтімен трафарет және де пандустар орналастырылған. Жалпы Алматы қаласы бойынша инватакси машиналары дейміз ғой, 170 инватакси көліктері жұмыс істейді. Тағы да 10-ы резервте сақталған», – деді Қалалық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Тұрар Инаят.

Саяси науқан кезінде Алматыда уақытша жүрген өзге өңір тұрғындары да дауыс беру мүмкіндігіне ие. Ол үшін сайлау учаскесіне есептен шығару куәлігін ұсыну қажет.

«Сайлаушы өзінің тұрақты мекенжайында 23 тамызда, немесе 22 тамызда кешкі сағат 18:00-ге дейін есептен шығару куәлігін алуына мүмкіндік жасалған. Біздің азаматтарымыз дәл 23 тамызда шетелге жұмыс сапарларымен, демалысқа кетулері де мүмкін ғой, сондықтан Қазақстаннан тыс жерде де біздің елшіліктерімізде, біздің мемлекетіміздің консулдықтарында да барып дауыс беруге болады», – деді Жетісу аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жаннат Шаранханқызы.

Айта кетейік, бүгін Алматыда 109 Open Almaty бірыңғай байланыс орталығы тұрғындарға қажетті ақпарат беріп отыр. Арнайы желіде 20 маман кезекшілік етіп, учаскенің нөмірі мен мекенжайына, сондай-ақ сайлау барысына қатысты сауалдарға жауап береді.

Мәди Мәлік, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров дауыс берді