Құрылтай сайлауы: Медеу ауданында тұрғындарға оқу құралдары жеңілдікпен сатылып жатыр

23.08.2026 18:11

Алматыда 1 млн 300 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы

Алматыда дауыс беру жалғасып жатыр. Таңнан бері мегаполисте 670 сайлау учаскесі жұмысын бастаған. Тілшілеріміз әр аудандардағы жағдайды бақылап, ақпарат жинауда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Медеу ауданындағы №372 сайлау учаскесіндемін. Мұнда дауыс беру таңғы сағат 7:00-де басталған. Содан бері шамамен 500-ге жуық адам өз таңдауын жасауға келді.

Ерекше көзге түскен жайт сайлау учаскесінің сыртында дәл мынандай мектеп тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Мұнда оқу құралдары мен мектепке қажетті жабдықтарға жеңілдіктер қарастырылып, тұрғындарға тиімді бағамен ұсынылып жатыр. Яғни ата-аналар дауыс беріп қана қоймай, балаларына қажетті оқу құралдарын да жеңілдікпен сатып ала алады.

«Мектеп формасы – отандық өнім. Сапасы өте жақсы. Бүгінгі күнге байланысты көп жеңілдіктер жасадық. Көп адам ұнатты. Алды. Мүмкіндігінше көңілінен шықты деп ойлаймыз. Жейделер 3 мың теңгеден қойдық. 8-9 мың теңгеден сатқанбыз, бүгін жеңілдік жасадық», – деді жәрмеңкені ұйымдастырушысы Жанат Шамшыарқан.

Ал енді тікелей дауыс беру барысына тоқталар болсақ, кіреберісте сайлаушыларға қажетті барлық ақпарат жинақталған ақпараттық стенд орнатылған. Мұнда сайлау туралы маңызды мәліметтермен танысып, бюллетеньді толтыру тәртібі жөнінде ақпарат алуға болады. Учаске ішінде дауыс беруге арналған бес кабина жабдықталған. Оның біреуі ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған.

Алматыда 1 млн 300 мыңнан астам адам дауыс беруге құқылы. Олардың ішінде 18 жасқа енді толған 14 мыңға жуық жас бар. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Оқи отырыңыз: Эко-стильдегі таңдау: Алматының жас эко-рейнджерлері дауыс беруге велосипедпен келді

 

 

 

 

 

Толық көрсету