Қазақстанда барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жаты
Шетелде 11 мың 402 қазақстандық дауыс береді. Олар 61 елде орналасқан 79 сайлау учаскесінде таңдауын жасайды. Мұндай ақпаратты Сыртқы істер министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы әр екі сағат сайын елдегі және шетелдегі ахуалды баяндап отыр. Бірінші болып Токио және Сеул қалаларындағы учаскелер ашылған. Дауыс берушілер Астана уақытымен таңғы сағат 03.00-тен бастап өз таңдауын жасаған. Сағат 08.00-ге дейін жалпы шетелдегі 26 сайлау учаскесі жұмысын бастады.
«Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері жанынан 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылды. Тіркелген сайлаушылардың жалпы саны – 11 402 адам. Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелде 26 сайлау учаскесі ашылды. Алғашқы болып дауыс беруді Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз бастады. Жалпы, осы уақытқа дейін сайлау учаскелеріне келіп дауыс бергендер саны 228 адамды құрады», – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов.
Қазақстанда барлық сайлау учаскесінде дауыс беру жүріп жатыр. Оның ішінде 107 учаске сағат 06:00-де жұмысын бастаған.
Бүгін еліміз бойынша жалпы 10 мың 423 дауыс беру орны жұмыс істейді. Ал сайлаушылардың жалпы саны 12 миллион 600 мыңнан асады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау барысы туралы ақпарат әр екі сағат сайын беріліп отыр. Қазіргі уақытта комиссия екі брифинг өткізді.
Оқи отырыңыз: Құрылтай сайлауы: Алматыда жастардың белсенділігі жоғары