Іс-шара 18 мамырда сағат 07:00-ден 12:00-ге дейін өтеді
Алматыда 2025 жылғы 18 мамырда BI Run қайырымдылық жарысы өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Алматы қаласының Спорт басқармасының хабарлауынша, іс-шараның өткізілуіне байланысты 18 мамырда сағат 07:00-ден 12:00-ге дейін жарыс өткізілетін ауданда көлік қозғалысына уақытша шектеулер қойылатын болады.
«Бауыржан Момышұлы көшесінің (оңтүстік бағытта) Мөңке көшесінен (Бигвилль Arena City ТК) Almaty Arena-ға дейінгі учаскеде бір автобус жолағы және жеңіл автомобильдерге арналған бір жолақ жабылады. Осы бағыттағы қалған жолақ штаттық режимде жұмыс істейтін болады», - делінген басқарма хабарламасында.
Сондай-ақ Almaty Arena аумағындағы айналма көше толығымен жабылады. Бұл учаскеде 5 және 10 км қашықтықта қауіпсіз жүгіру маршруты ұйымдастырылады (маршрут картасын қараңыз).
Қашықтықтағы қауіпсіздікті жол полициясының қызметкерлері мен еріктілер қамтамасыз етеді.
«Тұрғындар мен автокөлік иелерінен уақыт шектеулерін ескере отырып, маршрутты алдын ала жоспарлауды сұраймыз», - делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз: Аптап ыстық: ТЖД алматылықтарға үндеу жариялады