Алматыда Sadraddin-нің концертіне көрермендер қалай кіргізіледі

26.09.2026 17:11
depositphotos.com

Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, Алматыдағы Орталық стадионда 26 қыркүйекке жоспарланған Sadraddin-нің концерті 27 қыркүйекке, ал 27 қыркүйектегі концерт 28 қыркүйекке ауыстырылды, - деп хабарлайды Almaty.tv 

Бұған дейін алынған билеттер жаңа күндерге жарамды, оларды қайта рәсімдеудің қажеті жоқ.

Орталық стадионға кіреберістер сағат 16:00-де ашылады. Негізгі кіреберістер Абай даңғылы, Байтұрсынұлы және Сәтбаев көшелері жағынан ұйымдастырылады.

1 және 2-қақпа — Байтұрсынұлы көшесі жағынан.

4-қақпа — Сәтбаев көшесі жағынан.

5 және 6-қақпа — Абай даңғылы жағынан.

Секторларға қарай кіреберістер мынадай тәртіппен бөлінген:

•    1-қақпа: 26-28, 30–32, 40–42 секторлары;
•    2-қақпа: 33-37, 43–48 секторлары;
•    4-қақпа: 1-6, 10–13 секторлары;
•    5-қақпа: 7-9, 14–18 секторлары;
•    6-қақпа: 18–22, 24–25 секторлары, сондай-ақ SILVER және GOLD аймақтары.

Концерт басталар алдында кезекке тұрмас үшін көрермендерден стадионға алдын ала келіп, бақылаудан өтуге қажетті уақытты ескеру сұралады.

Концерт өтетін орынға қоғамдық көлікпен жетуге болады. Автобустар мен метро қалыпты режимде жұмыс істейді. Концерт аяқталғаннан кейін көрермендер үшін Абай даңғылы мен Байтұрсынұлы көшесі жағынан қосымша шаттлдар ұйымдастырылады. Шаттлдарда жол жүру ақылы.

Шаттлдар әуежай, Жұлдыз ықшам ауданы, Райымбек-Алатау және «Алматы Арена» бағыттары бойынша қатынайды.

Концерт кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Орталық стадион мен оған іргелес аумақта 2 мыңға жуық полиция қызметкері жұмылдырылады.

Құқық қорғау органдары күшейтілген режимде жұмыс істеп, қоғамдық тәртіп пен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ықтимал төтенше жағдайларға жедел әрекет етеді.

Стадион маңында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендерге бағытын алдын ала жоспарлап, стадионға ертерек келу ұсынылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда «Таза Қазақстан» акциясы аясында жалпықалалық сенбілік өтті

Толық көрсету