Тәрбиешілер қарапайым қамыстың көмегімен бүлдіршіндердің сауатын ашып, таным көкжиегін кеңейтіп жүр
Экология, цифрлық сауаттылық және ұлттық құндылық. Алматыдағы балабақшалардың бірінде дәл осы бағыттарды бір жобаға біріктірген бастама өз жемісін беріп келеді. Тәрбиешілер қарапайым қамыстың көмегімен бүлдіршіндердің сауатын ашып, таным көкжиегін кеңейтіп жүр. Табиғи өнім балалардың ойлау қабілетін арттыруға қалай көмектесіп жатыр? Тарихпен ұштасқан бағдарламаның тағы нендей пайдасы бар? Толығырақ Аlmaty.TV эфирінен көрсетілетін «Қала келбеті» айдарының кезекті шығарылымынан білеміз.
Алматыдағы №131 бөбекжайдың басқа балабақшалардан ерекшелігі - мекемеде ойынға арналған заттар табиғи өнімнен дайындалады. «EcoКОД» жобасының аясында бүлдіршіндер, жазып-сызуды, санап, пішін құрауды, табиғатқа жақын болуды үйренеді. Ең бастысы, қоршаған ортаны кітаптан емес, тіршіліктің өзінен танып біледі.
Мынадай қамыстан балабақша тәрбиешілері мен ата-аналары ойыншықтың 12 түрін жасап шыққан. Қатарында асатаяқ, дауылпаз сынды музыкалық аспаптар, геометриялық пішіндер, робот, тіпті үйдің макеті де бар. Ал ең бастысы, табиғи өнімнен дайындалған бұл заттар балалардың ұсақ қол моторикасын және экологиялық сауаттылығын дамытуға септігін тигізеді.
«Бұл идея маған бала кезімнен таныс. Мен әжеммен бірге тұрдым, әжемнің тәрбиесін алдым. Сол кезде біз қамысты өңдеп, тазартып, тоқитынбыз. Қамыстан жасалған түрлі ойыншықтарымыз пластмассадан жасалған, иісі бар ойыншықтардың орнын алмастыратын», – дейді №131 балабақшаның меңгерушісі Ботагөз Амангелді.
Балалық шақтағы жылы естеліктен туындаған бастаманы ұжым қолдап, дамытқан. Олар бірлесе, қамыстан төсеніш те тоқып шығыпты. Оның көмегімен жасы кіші балалар қозғалысқа бейімделеді, аяқ-қолын шынықтырады. Ал үлкендері қамыстан робот құрап, оған ұялы телефон арқылы жан бітіреді. Тіпті, еліміздің картасын пазл түрінде жинап, ойлау қабілетін дамытады. Ұлттық аспаптар жасайды. Ән салып, өнер көрсетеді. Атап өтер жайт, пайдасы мол жобаны ата-аналар да жоғары бағалап отыр.
«Менің қызым сурет салғанды жақсы көреді, мысалы, үйде оған қылқалам мен бояу алып береміз. Дегенмен бұл балаға қауіпсіз де емес, көзіне, құлағына немесе мұрнына кіріп кетуі мүмкін, сондықтан үнемі қарап отырамыз. Ал мұнда менің байқағаным, балалар қолмен жасалған, ең алдымен қауіпсіз ойыншықтармен жұмыс істеп жатыр», – деді қала тұрғыны Сая Жалғасбаева.
Қызығы сол, ойыншықтардың салмағы жеңіл. Жарақат алу қаупі аз. Сондай-ақ денсаулыққа да еш зияны жоқ. Баланың қарым-қабілетін жақсартып, жан-жақты дамытатын бұл бағдарламаны бүгінде бөбекжайдағы 120 бала меңгеріп келеді. Бүлдіршіндер 5 топқа бөлініп, табиғатқа құрмет көрсетудің үлгісін танытып жүр. Маңыздысы, бастама астарында ересектердің қамқорлығы мен балалардың қызығушылығы жатқаны анық сезіледі.
Рүстем Айткәрім, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: ЖИ арқылы танымал тұлғалардың бет-әлпетін қолданғандар жауапқа тартыла ма