Сенат төрағасы дипфейк пен жалған ақпаратқа қарсы қатаң шаралар ұсынды
Жасанды интеллект көмегімен түрлі контенттегі видеоматериалдарға танымал адамдардың бет-әлпеті мен дауысын қолданатындар жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев дипфейкке жазаны қатаңдату керек деп отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, жалған ақпарат пен мұндай әрекеттердің артында адамдар тұр. Сондықтан оларды алаяқтық, бопсалау немесе заңсыз ақша жинау баптары бойынша жауапқа тарту қажет деп дейді. Ол үшін құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, жауапкершілік мәселесін жан-жақты пысықтау керек екенін жеткізді.
«Әлеуметтік желілерде дипфейктердің көбейіп жатқанын көріп отырмыз. Белгісіз адамдар жалған мәлімдемелер жасап, шындыққа жанаспайтын ақпарат таратып жатыр. Арасында қандай да бір қорға ақша аударуға шақырып жатады. Бұл – алғашқы дабыл белгілері. Жасанды интеллект технологиялары дами түскен сайын алдағы уақытта мұндай жағдайлар өте үлкен мәселеге айналуы мүмкін», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Экономиканың барлық саласына нейрожеліні толыққанды енгізу үшін ен алдымен адами капиталды, техникалық базаны және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту қажет. Бүгін Жасанды интеллект туралы заң жобасын қараған сенаторлар осылай деп отыр. Сүйіндік Алдашовтың сөзінше, бүгінде елімізде инженерлер, програмистер, деректерді талдаушылар сияқты мамандар жетіспейді екен. Сондықтан қайта даярлау, біліктілігін арттыру бағдарламаларын көбейті қажет дейді. Одан бөлек, жасанды интеллекті енгізу кей жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Осыған орай депутат қызметкерлерді жаңа сұранысқа ие мамандықтарға көшіру үшін жағдай жасау керек дейді.
Айта кетейік, сенаторлар заң бойынша бірқатар түзету қабылдады. Олар құжаттың жекелеген баптарын мақұлдамады. Осылайша, аталған баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, негізгі заң мен оған ілеспе түзетуді Мәжіліске қайтарды.
«Түзетулердің бірі ерікті сақтандыру түрін ғана қолдануды алып тастауды көздейді. Енді ерікті сақтандырумен қатар, жасанды интеллект жүйелері келтірген зиян үшін жауапкершілікті және оларды пайдалану кезінде туындайтын тәуекелдерді міндетті сақтандыру түрі де қолданылатын болады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс қабылдаған заңда тәуекелдер анықталған жағдайда залалды барынша азайту ғана қарастырылған. Ал біздің енгізген түзетуімізге сәйкес, жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен иеленушілері ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында залалды болдырмауға бағытталған жедел шаралар қабылдауы тиіс», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Аққожина.
Оқи отырыңыз: Медицинаның жаңа дәуірі: Алматы – саланың серпінді дамуына тірек болған шаһар