Қандаламен күрес: Алматыда 2 млн-нан астам ағаш өңделеді

01.07.2025 16:47

Өңдеу жұмыстары әр маусымда төрт кезеңде жүзеге асады

Алматыда қандаланың жаппай таралуына қарсы жасыл желектерге биологиялық өңдеу жүргізіліп жатыр. Зарарсыздандыру жұмыстары сәуірде басталып, жоспар бойынша қыркүйекке дейін жалғасады. Мамандардың айтуынша, бұл ағаштардың жағдайын жақсартып, дарақтарды зиянкестерден қорғауға әрі шаһардағы экологиялық тепе-теңдікті сақтайды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Көктемнің салқын күндері артта қалып, ауа райы күрт ыси бастағаннан кейін Алматыда жөке қандаласы көбейіп, тұрғындардың мазасын қашыра бастады. Мамандар бұл жәндіктердің көбеюін ауа температурасының күрт жоғарылауымен байланыстырып отыр. Сондай-ақ мамандар «тазалық сақталмаған жерлерде олардың белсенділігі артады» дейді.

«Ағаш қандаласы тазалық сақталмаған, шөбі дұрыс орылмаған, қураған ағаштары көп жерлерде шоғырланады. Сондықтан аулаларды таза ұстау керек. «Таза Қазақстан» бағдарламасына сай аулаларды таза ұстау керек. Қандала үйге кірмес үшін терезелерге москитті тор қойып, әртүрлі қарағай майларын, дәстүрлі емдерді қолдануға болада» - деді Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев.

Қазір шаһарда қандаланың жаппай таралуына қарсы жүйелі түрде биологиялық өңдеу жұмысы жалғасып жатыр. Бұл шаралар түнгі сағат 23:00-ден таңғы 05:00-ке дейін жүргізіледі. Өңдеу барысында адам денсаулығына зиянсыз, арнайы рұқсат етілген құралдар пайдаланылатын көрінеді.

Айта кетейік, биыл сәуірден бастап жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында тұрғындардан түскен 2 мыңға жуық өтініш қаралып, 2,3 миллионнан астам жасыл желек өңделеді.

«Биологиялық өңдеуді 2023 жылдан бастап жылда өткіземіз. Бірінші кезең аяқталды, екінші кезең жүріп жатыр. Өңдеу жұмыстары Алматы қаласының барлық орта қолданыстағы жерлерінде, яғни магистралды көшелер мен тұрғын үйлердің аулалары жүргізіледі», - деді Экология және қоршаған орта басқармасы жасыл қорды басқару бөлімінің бас маманы Мейіржан Бағатиев.

Айта кетейік, өңдеу жұмыстары әр маусымда төрт кезеңде жүзеге асады екен. 1-кезең сәуір айында аяқталса, 2-кезең 1-мамырдан 30-мамырға дейін, ал 3-кезең 5-шілдеден 5-тамыз аралығында орындалады. Соңғы кезең 20 қыркүйекке дейін созылады.

Мәди Мәлік, Рамазан Өмен, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда 20-қабаттан өрт шықты: ТЖД халықаралық оқу-жаттығу өткізді