Іс-шара ертеңге дейін жалғасады
Алматыдағы көпқабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде өрт шықты. 20-қабаттан тұтанған тілсіз жаумен күресуге 160-қа жуық төтеншелік пен 20-дан аса техника жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігі ұйымдастырған осындай оқу-жаттығу жұмыстары биік ғимараттарда туындаған төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету алгоритмін жетілдіруді мақсат еткен. Халықаралық деңгейде өткен тәжірибе семинарына отандық мамандармен қатар, Ресей, Беларусь елдерінің өкілдері де қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматыда өтіп жатқан өрт және төтенше жағдайлардың алдын алу мен жоюға арналған халықаралық оқу-жаттығу ертеңге дейін жалғасады. Іс-шараның негізгі тәжірибелік кезеңі бүгін шаһардағы 35 қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде ұйымдастырылды. 20-сыншы қабаттағы кабель шахтасында өрт шығып, ғимарат ішіндегі 100-ге жуық адамды құтқару жұмыстары жүргізілді. Оған өрт сөндірушілердің барлық жеке құрамы, арнайы техника мен мотоэкипаждар, тікұшақ және жедел жәрдем қызметі жұмылдырылды.
Қаладағы 35 қабатты тұрғын үй кешендерінің бірінде биік ғимараттағы өртті сөндіру мен адамдарды құтқару бойынша арнайы оқу-жаттығу жұмыстары жүріп жатыр. Сценарий бойынша 20-қабатта шартты өрт шығып, оқиға орнына барлық арнайы қызметтер жұмылдырылған. Бұл жаттығу төтенше жағдай кезіндегі шұғыл әрекет ету мен ведомстволардың өзара үйлесімін тексеруге бағытталып отыр.
Оқиға орнына алғаш болып қос дөңгелекті көлікпен келген өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, өрттің күрделілігін растады. Артынша, дауыс күшейткіш арқылы тұрғындарды хабардар етіп, эвакуациялау жұмыстары басталды. Сондай-ақ автоматты өрт сөндіру жүйесі тексеріліп, адамдарды қауіпсіз жерге шығару жүйесі пысықталды. Ал жарақат алғандарға алғашқы көмек көрсетілді.
«Құтқару операцияларына ТЖМ «Қазавиаспас» құтқару жасағының тікұшағы қолданылған болатын. 30-қабаттан адамды қауіпсіз аймаққа көшірген болатын. Сонымен қатар Республикалық жедел-құтқару жасағының көмегімен жанып жатқан ғимараттан жанбаған ғимараттарға құтқару тәсілдері көрсетілген болатын», - деді ТЖД бастығының бірінші орынбасары Бағдат Шайзада.
Жаттығу барысын Ресей мен Беларусь төтенше жағдайлар министрліктерінің өкілдері сырттай бақылап отырды. Олар қазақстандық әріптестерінің іс-қимыл алгоритмі мен үйлесімділігіне баға берді.
«Бүгін биік ғимаратта өткен оқу-жаттығу барысында Алматы қаласының құтқарушылары өрт сөндіру және адамдарды құтқару бойынша жоғары кәсіби шеберлік көрсетті. Әсіресе альпинистік жабдық көмегімен жүргізілген құтқару жұмыстары ерекше әсер қалдырды», - деді Беларусь Республикасы ТЖМ нысанды бөлімшелердің апаттық-құтқару қызметі басқармасы басшысының орынбасары Игорь Никитенко.
Айта кетейік, оқу-жаттығу төтеншеліктердің кәсіби дайындығын пысықтап, биік нысандарда әрекет ету тактикасын жетілдіру мен халықаралық әріптестікті дамыту мақсатында өткізілді.
Олжас Омарбек, Мейрам Исабеков, Думан Дәулетбақұлы, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Төртеуі ғана талапқа сай болып шықты: Алматыда жазғы лагерлер тексерілді