Кеш шымылдығын еліміздің десанттық-шабуылдаушы әскери оркестрі ашты
Алматыда Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне арналған тағылымы терең, рухы биік мерекелік концерт өтті. Республика сарайының сахнасында ел тыныштығын күзетіп жүрген әскери қызметкерлерге құрмет көрсетіліп, жүрек тербер патриоттық әндер орындалуда. "Қарулы күштер - тәуелсіз елдің қорғаны" атты бұл салтанатты іс-шараға эстрада майталмандары, әскери өнер ұжымдары мен қала тұрғындары көптеп жиналған. Осы мазмұнды концертті көзбен көріп, рухты әндерге қанық болған Almaty.TV тілшісі Мәди МӘЛІК баяндайды.
Республика сарайында өткен отаншыл рух пен алғысқа толы салтанатты концерттің сахна төрінде Қарулы Күштердің құрметіне арналған әскери әуендер мен патриоттық әндер әуеледі. Кеш шымылдығын еліміздің десанттық-шабуылдаушы әскери оркестрі ашты. Олардың орындауындағы әнұран көрермен көңілін бірден жаулап алды.
Айта кетейік, бұл оркестр - еліміздегі әскери өнердің беткеұстары. Олар жыл сайын халықаралық фестивальдерге қатысып, ел намысын қорғап келеді екен. Бұл рухани концертті көруге алыс-жақын облыстардан арнайы қонақтар келген.
«Мен Түркістан облысы Жетісай ауданынан келіп отырмын. Концертіміз өте жақсы өтті. Соғыс кездеріндегі “Смуглянка”, “Катюша”, “Атамекен” сияқты патриоттық әндер өте керемет айтылды. Өте қуаныштымыз. Алматылықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтаймыз», - деді Түркістан облысының тұрғыны Қарлығаш Ізбасарқызы.
«Өте керемет болды. Мен бұл жерге осындай рух көтеретін әндерді тыңдауға келдім. Барша ер-азаматты бүгінгі Отан қорғаушылар мерекесімен құттықтаймын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!» - деді қала тұрғыны Ақерке Жақаншаева.
Сондай-ақ Muzart Life жобасының жас әншілері де жаңа аранжировкамен ән шырқап, тыңдарманға әсерлі эмоция сыйлады. Ал "Асу" этно-тобының ұлттық нақыштағы орындауы зал ішін ерекше толқынысқа бөледі. Бүгінгі кеште қазақ және әлемдік әскери музыка қатар шырқалып жатыр. "Смуглянка", "Журавли", "В землянке" сынды кеңестік әскери әндер де тыңдалды.
«Концерт керемет өтті. Қазақстан Қарулы күштерінің мерекесі мен Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы мерейтойына арналған бұл концерт нағыз жастар келетін іс-шара екен. Патриоттық сезімді оятады. Бұл концертте үлкен күш-жігер алып отырмыз», - деді Бауыржан Момышұлы атындағы әскери спорт колледжінің қызметкері Нұршат Тайбергенов.
Айта кетейік, шаһардың әр ауданында бүгін түрлі патриоттық іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл - ел қорғаушыларына деген шынайы құрметтің көрінісі. Отанды сүю - ұлы борыш.
Оқи отырыңыз: Отан қорғаушы күні: Алматыда 300 оқушының қатысуымен парад өтті