Елордадағы әскери парад 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында LED-экраннан тікелей эфирде көрсетілді
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад Алматыдағы 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағында LED-экраннан тікелей эфирде көрсетілді. Қазақстан Қарулы күштерінің қуатын байқататын іс-шараны тамашалауға мыңнан аса алматылық жиналды. Мерекені атап өтуге келгендермен Almaty.TV тілшісі Рүстем АЙТКӘРІМ тілдесіп, ақпарат жинап қайтқан еді.
Міндет, абырой, ерлік. Бүгін бойдағы патриоттық сезім оянатын, рух күшейетін күн. Алматыда осы бір мерекелік атмосфера ерекше сезіледі. Себебі, Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парадты үлкен экраннан тікелей эфирде тамашалау үшін қала тұрғындары мен қонақтары таңнан бері саябаққа жиналды.
«Менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер Болатбаев Төлеген деген кісі болған. Ол кісі 1993 жылы өмірден қайтып кетті. Сол кісілердің арқасында біз осындай бейбітшілік заманда өмір сүріп жатырмыз», - деді қала тұрғыны Құттықыз Төлегенқызы.
«Жүрегімізде елімізге деген махаббатымыз одан ары арта түсті. Қазақстанымыз одан ары дами берсін! Жеңіс күнін балаларға насихаттап, керемет әсер алып тұрмыз», - дейді тағы бір тұрғын Салтанат Жорабек.
Тікелей көрсетілімді тамашалаған жұрт кейін 300 оқушының қатысуымен өткен парадты көрді. Оған білім алушылар екі аптадан аса уақыт дайындалыпты. Ең бастысы, іс-шараға бар ынта-жігерін салған жастардың қуанышында шек жоқ.
«Осы парадқа келгеніме өте қуаныштымын. Әсіресе, тікелей эфирде көрсететінін білген кезде қуанышты болдым. Өзім қобалжып тұрмын», - дейді оқушы Жадыра Жеңісқали.
«Оқушылар, жас ұрпақ бұл мерекені ұмытпауы керек. Жылда осындай парад болып, үлкендерді, ардагерлерді құрметтеп, көмектесіп тұрсақ жақсы болар еді», - дейді тағы бір оқушы Дидар Қайыржанов.
Осылайша, оқушылар мерекелік жиынның көркін келтірді. Ал оларды қолдауға ата-аналары да келген. Атап өтерлігі, 28 панфиловшы батырлардың саябағында әскери техника мен қару-жарақтың түрі-түрі көпшілік назарына ұсынылды.
«Бұл іс-шараны ұйымдастыруымыздың мақсаты – жас ұрпақ бойындағы Отанды қорғау, патриоттық сезімді ояту. Парадты көруге 100-ден аса тыл ардагері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Медеу ауданының тұрғындары келді», - деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдос Нұрлыбаев.
Іс-шара кейін концерттік бағдарламамен жалғасты. Рухты ән мен есті шығармалар орындалды. Сонымен қатар жиынның қорытынды кезеңінде Медеу ауданы әкімдігінің тарапынан 20 тыл еңбеккеріне алғысхат табысталды.
Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов, Жақсылық Тілепберген, "Алматы" телеарнасы
Оқи отырыңыз: Әскери парадты көруге келген астаналықтар санында есеп болмады