Алматылықтар Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті

01.06.2025 17:27

"Қазақстан балалары" жобасы аясында мегаполисте 4 мыңнан астам іс-шара өтті

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Биыл Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өту ерекше ауқымымен ерекшеленді. 1 маусымның қарсаңында еліміздің барлық өңірлерінде «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасы аясында тақырыптық онкүндік өткізілді. Елдің ең ірі қаласында күн сайын 100 000-нан астам бала мен жасөспірім, сондай-ақ 10 000-нан аса ересек: педагогтер, мұғалімдер және т.б. іс-шараларға белсене қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

22 мамырдағы акциялар «Әкем – тірегім, анам – жүрегім!» ұранымен өтті және отбасылық қарым-қатынасты нығайту, саналы әрі жауапты ата-аналықты қалыптастыру мәселелеріне арналды. Ата-аналар мен балаларды жақындастыруға бағытталған түрлі жарыстар, турнирлер, дәрістер, интерактивті сабақтар, би флешмобтары, сурет байқаулары ұйымдастырылды.

23 мамыр «Полиция – балалардың қорғаны» күні ретінде белгіленді. Бұл күні құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысуымен балаларға қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық нормалар мен тәртіп ережелерін түсіндіру мақсатында құқықтық ақпарат беру жұмыстары жүргізілді. Ел бойынша «Маршрут», «Қауіпсіз аула», «Қауіпсіз кіреберіс» атты профилактикалық акциялар өткізілді.

Сонымен қатар Алматы қаласында «Бала қауіпсіздігі – басты назарда» атты жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шараға Төтенше жағдайлар департаменті, жол-патрульдік және ювеналды полиция қызметкерлері, сондай-ақ психологиялық қолдау орталығының мамандары қатысты.

– Біз оқушыларға заңды сақтау – бұл құрғақ теория емес, өзіңнің қауіпсіздігіңді қамтамасыз етудің, айналаңдағы адамдарға құрметпен қараудың және үйлесімді қоғам құрудың нақты жолы екенін көрсеткіміз келеді, – деді кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік инспектор, полиция майоры Айгерім Бейсекова.

26 мамыр күні «Дәрігер – балалардың жанашыры» атауымен медициналық орталықтарда, емханаларда, стоматологияларда көшпелі қабылдаулар мен дәрігерлердің тегін кеңестері ұйымдастырылды. «Денсаулығыңды тексер» акциясы өткізіліп, қатысушыларға денсаулық сертификаттары табысталды. Сонымен қатар, балалар мен ата-аналарға арналған салауатты өмір салтын насихаттау мен аурулардың алдын алу бойынша ағартушылық іс-шаралар, шеберлік сабақтары өтті.

Бұдан бөлек, танымал спортшылардың қатысуымен жаппай таңғы жаттығулар мен спорттық жаттығулар ұйымдастырылды. Мысалы, №6 мектеп-гимназиясының аумағында таңғы жаттығуды алматылық «Қайрат» командасының және Қазақстан футзал құрамасының бұрынғы ойыншысы Серік Жаманқұлов өткізді.

27 мамыр – «Балалар үні» күні #МеніңДауысым атты челлендж өтті – бұл балалардың видеоүндеулер сериясы. Қатысушылар қысқа бейнероликтер немесе фотопосттар форматында келесі сұрақтарға жауап берді:

– Мектебіңде, қалаңда немесе еліңде нені өзгерткің келеді?

– Сен үшін «тыңдалу» деген не?

– Қазақстандағы балалардың болашағын қалай елестетесің?

– Арманыңдағы мектепті суреттеп бер немесе салып көрсет.

Сол күні қаланың барлық кітапханаларында Ашық есік күндері өтті. Көркем балалар әдебиетінің туындыларына арналған кітап көрмелері, жәрмеңкелер мен сату-шаралар ұйымдастырылып, костюмді әдеби кештер, қойылымдар мен фестивальдер өткізілді.

28 мамыр – «Кибер Тұмар» күні цифрлық технологияларды ілгерілету, оларды өмірдің түрлі салаларына ықпалдастыру және балаларды цифрлық ортада қорғау мәселелеріне арналды. Технопарктерде, IT-хабтарда және қоғамдық кеңістіктерде цифрлық көшбасшылардың қатысуымен интерактивті іс-шаралар, балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық сауаттылықты арттыруға арналған тақырыптық сессиялар ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Ата-аналық бақылау: құралдар мен кеңестер» атты ағартушылық акциялар мен «Цифрлық мамандықтар қаласы» атты эстафеталар өтті.

Қаланың бірқатар білім беру мекемелерінде өз медиастудиялары ашылды, мысалы, №174 гимназияда.

– Студия кәсіби техникамен жабдықталған: бейнекамералар, дрон, аудио құрылғылар және қажетті бағдарламалық қамтамасыз ету бар. Балалар ойлап үйреніп, талдау жасап, өз пікірін сенімді түрде білдіре алуы тиіс. Бүгінде олардың әрқайсысы – қоғамдағы пікірталастың толыққанды қатысушысы, жай ғана тыңдаушы емес, – деп атап өтті Наурызбай ауданының білім бөлімі басшысы Салтанат Құсайынова.

29 мамыр күні «Балалардың қауіпсіздігі – басты назарда» тақырыбындағы іс-шаралар балалар мен ата-аналардың үйде, мектепте, көшеде, демалыс кезінде және онлайн кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша хабардарлығын арттыруға бағытталды. Мақсат – әртүрлі жағдайларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру.

Ел бойынша алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер және т.б. бойынша оқыту шеберлік сабақтары, оқу-жаттығу сабақтары, «Шекарасыз қауіпсіздік» атты спорттық-ойын эстафеталары, «Жас құтқарушы» аумақтық слеттері, мұражайларға, өрт сөндіру бөлімшелеріне, өрт-техникалық орталықтарға және құтқару станцияларына экскурсиялар ұйымдастырылды.

Атап айтқанда, Алматы қалалық ТЖД бастамасымен №83 гимназияда «Балалардың көзімен – құтқарушылар мен өрт сөндірушілер» атты сурет байқауы өтті.

30 мамыр күні балалардың жағдайына, сондай-ақ олардың өмір сүру сапасын жақсарту мен құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық бастамаларға арналған брифингтер өтті. Атап айтқанда, «Аяла» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Шара барысында балалар өз қабілеттері мен таланттарын көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Барлық іс-шаралар балалардың дамуына қолайлы жағдай жасауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әлеуметтік бейімделуіне бағытталды.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды BALA FEST және JARYQ SKILL FEST фестивальдеріне (Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы саябақта) қатысты. Фестиваль аясындағы іс-шараларға 5 000-нан астам қала балалары қатысып, әрқайсысы үшін бұл күн жаңалықтар мен шабытқа, шығармашылық пен өзін-өзі танытуға толы ерекше ортаға айналды.

Фестиваль JARYQ бес тақырыптық станция форматында өтті, олардың әрқайсысы баланың дамуының маңызды қырын қамтиды: Jastar – технологиялар мен инновациялар, Arman – арман мен қиял әлемі, Rukh – мәдениет пен тарих, Yntalyq – шығармашылық пен өнер, Qabilet – кәсіби бағдар және түрлі мамандықтармен танысу.

Фестивальдің басты мақсаттарының бірі – оқытуды ойын және қызықты әрекет түрінде ұсынатын edutainment форматын енгізу болды. Бұл тәсіл балалар үшін білім алуды пайдалы ғана емес, сондай-ақ шын мәнінде тартымды үдеріске айналдырады. Кәсіби бағдар мен Жұмысшы мамандықтар жылына арналған Qabilet станциясы ерекше әсер қалдырды – мұнда балалар түрлі мамандықтар туралы тек біліп қана қоймай, нақты тапсырмаларды орындай отырып, еңбек дағдыларын да меңгерді. Бұл – бала жасынан еңбекті қадірлеу мен әр мамандықтың құндылығын түсінуге бағытталған маңызды қадам.

– Біз жаңа ұрпақты – саналы, талантты әрі жауапты жастарды қалыптастыратын бастамаларды қолдауды жалғастырамыз. Алматы – балалар өз күшіне сеніп, армандарына сеніммен қадам басатын қала. Біз жайлы орта ғана емес, әр бала өз арманын маңызды, ал мүмкіндіктерін шынайы деп сезінетін болашақты қалыптастырып жатырмыз, – деді Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды.

 Фестивальдің шынайы жүрегіне қаладағы шығармашылық орталықтар, Оқушылар сарайы мен музыка мектептерінің балалары айналған аймақтар айналды. Олар ұйымдастырған шеберлік сабақтары, перформанстар мен креативті зертханалар мыңдаған баланы шабыттандырып, іс-шара кеңістігін мазмұнмен толтырды.

 1 маусым күні қаланың барлық аудандарында түрлі белсенділіктер өтті: Түрксіб ауданындағы №6 Оқушылар үйі алдында интерактивті викториналар ұйымдастырылса, Бірінші Президент саябағында өткен концертте отандық орындаушылар балаларға өнер көрсетті, ал Family Park-та анимациялық фильмдер көрсетілді.

 Жалпы, «Қазақстан балалары» жобасы аясында Алматы қаласында 4000-нан астам түрлі іс-шара өткізілді.

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Дархан Сатыбалды «BALA FEST. JARYQ SKILL FEST» фестиваліне қатысты