«Қазақстан» телеарнасы ғимаратының құрылысы қашан аяқталады

26.06.2025 20:49

Қала басшысы жұмысты сапалы, белгіленген мерзімде бітіруді тапсырды

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Бостандық ауданына барып, бірқатар маңызды нысанды аралады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мегаполис әкімі ат басын бұрған алғашқы нысан – Желтоқсан көшесінің бойындағы құрылыс алаңы. Мұнда «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының медиаорталығы бой көтеріп жатыр. Озық технологиялармен жабдықталуы тиіс бұл нысандағы шаруаны жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қала басшысы жұмысты сапалы, белгіленген мерзімде бітіруді тапсырды.

«Үш студия қарастырылған және гимаратта музей болады. Бәрі заманауи талаптарға сай жабдықталған», – деді  мердігер компанияның өкілі Мереке Пошанов.

Жұмыс сапары аясында шаһар әкімі Бостандық ауданындағы емхананың құрылысымен де танысты. Аудан тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру мақсатында Левитан көшесінде салынып жатқан әлеуметтік нысан тәулігіне 500 адамды қабылдауға қауқарлы болады. Үш қабатты ғимаратта эндоскопия, амбулаториялық хирургия, зертхана бөлімшелері қарастырылған.

«Монолит жұмыстары жүріп жатыр, каркас және ішкі инженерлік желілер жүргізілуде. Ғимарат 4 қабатты, 4 блокқа бөлінген», – деді учаске бастығы Ерәділ Әділбеков.

Дархан Сатыбалды № 10 мектеп-интернатта жүргізіліп жатқан сейсмикалық нығайту жұмыстарының барысын көрді. 1967 жылы салынған оқу орнында қазір 180 бала тәрбиеленіп жатыр. Жөндеу жұмыстары аясында білім ошағының аумағы көркейтіліп, спорт алаңдары салынады деп жоспарланған. Мегаполис әкімі интернатты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету міндетін жүктеді.

Гүлмарал Изатқызы, Асыл Махметов, Ернат Болатбек

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудандардың санитарлық жағдайына бақылауды күшейтуді тапсырды