Алматыда әр екінші күні ауа сапасы нашарлайды

пресс-служба акима Алматы
пресс-служба акима Алматы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматыдағы ауа сапасына қатысты қоғамдық мониторинг нәтижелері таныстырылды. Бұл туралы Almaty Air Initiative қорының директоры Жұлдыз Сәулебекова айтты, деп хабарлайды  Almaty.tv

Оның мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы төрт айында қалада ауа ластануы жоғары деңгейде тіркелген 52 күн болған. Яғни, бұл шамамен әр екінші күнде ауа сапасының нашарлағанын көрсетеді. Ал небәрі 19 күнде ғана ауа таза деңгейде болған. Соңғы айларда PM2.5 ұсақ бөлшектерінің орташа концентрациясы 44,5 мкг/м³ деңгейіне жетіп, ұсынылған нормадан айтарлықтай асып кеткен.

Мониторинг жүргізу мақсатында Almaty Air Initiative қоры қала бойынша 170 арнайы датчик орнатқан, олардың деректері нақты уақыт режимінде қолжетімді. Жақын арада тағы 30 газ датчигін іске қосу және мобильді өлшеулер жүргізу жоспарланып отыр.

Зерттеу нәтижелері көлік факторына ерекше назар аударуды қажет ететінін көрсетті. Атап айтқанда, азот диоксидінің (NO₂) деңгейі белгіленген нормадан тұрақты түрде жоғары. 

Қаладағы автокөліктердің 55%-дан астамы 10 жылдан асқан, ал экологиялық санаты төмен көліктер барлық шығарындының 80%-ына дейін береді. Әсіресе, жүк көліктерінің үлесі жоғары: олар жалпы қозғалыстың тек 3% болса да, зиянды бөлшектердің 64%-ын шығарады. Орта есеппен бір жүк көлігінің зияны 20 жеңіл автокөлікке тең келеді.

Мамандардың пікірінше, мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Жуырда Алматыда қытайлық сарапшылардың қатысуымен өткен семинарда ауа сапасын жақсартудың тиімді тәжірибелері ұсынылған. Соның ішінде «бір қала – бір стратегия» қағидаты ерекше аталды.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, тиімді шешімдер қатарында көмірден таза энергияға көшу, көлік шығарындыларын азайту, мониторинг жүйесін жетілдіру және төмен эмиссиялы аймақтарды кезең-кезеңімен енгізу бар.

«Бұл тәжірибе жинақталып, қала үшін ұсыныс түрінде беріледі. Қоғамдық бастамалар мен ашық деректер тиімді экологиялық саясат қалыптастыруда жүйелі рөл атқарады, деректер, қоғамдық сұраныс және басқарушылық шешімдер арасындағы байланысты қамтамасыз етеді», — деді Almaty Air Initiative қорының директоры.

Оқи отырыңыз: 2027 жылдан бастап Алматыда көлік пен нысандарға шығарындыларды азайтуға бағытталған жаңа талаптар енгізіледі

Новости партнеров