Келешек мектебі: Алматыда келер жылы 8 білім ордасы пайдалануға беріледі

29.04.2026 19:08

Алатау ауданында 400-ге жуық бала инклюзивті білім алады.

Алматыда келер жылы тағы 8 «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі. Жаңа білім ошақтары Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында бой көтермек. Нәтижесінде бұл шаһардағы 30 мыңнан астам оқушы орны тапшылығын жоюға септеседі. Бұл жөнінде журналистермен бірге білім ордаларын аралаған Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – былтыр 1 қыркүйекте есігін айқара ашқан Теректі шағынауданындағы №213 мектеп. Жобалық қуаты 2000 оқушыға есептелген білім ордасында бүгінде 1625 бала тәлім алып жатыр. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектеп ішінде 134, ал сыртқы аумақта 43 бейнебақылау камерасы орнатылған. Сонымен қатар асхана жұмысы да заманауи талапқа сай ұйымдастырылған. Мұнда Face ID жүйесі енгізіліп, балалардың тегін тамақтануы автоматты түрде тіркеледі. Бұдан бөлек, мектепте кәсіптік бағдар беру ісіне айрықша көңіл бөлініп, оқу үдерісінде жоғары технологиялы VR көзілдіріктерді пайдалану кеңінен жолға қойылған.

«Мектебіміздегі мұғалімдердің барлығы жаңа заманауи технологияны меңгерген. Мектептегі техникалық құралдар, мәселен лазерлік станоктар, 3д принтерлер, роботтар, дрондар оқу процесінде жүреді. Сонымен қатар мұғалімдеріміз жасанды интеллектіні сабақтарында қолданады», – деді № 213 жалпы білім беретін мектептің директоры Өмірбек Айтуғанұлы.

Ал Алатау ауданында 400-ге жуық бала инклюзивті білім алады. Олардың 29-ы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы шеңберінде бой көтерген Мандоки атындағы №154 білім ордасында тәлім алуда. Аталған мектепте ерекше білімді қажет ететін оқушыларға қолайлы орта қалыптасқан. Солардың бірі – арнайы жабдықталған сенсорлық кабинет. Мұнда балалардың ұстау, есту және көру қабілеттерін жетілдіруге мүмкіндік беріліп, олардың жан-жақты дамуына жол ашылған.

«Алатау ауданында 33 мектепте инклюзивті білім беруге жағдай жасалған. Соның ішінде көріп отырғандай «Келешек мектептерінде» арнайы инклюзивті білім беруге 4 кабинет, яғни жеке-жеке сенсорлық, балаларға жаңағы жеке логопедтің жұмыс жасауына, дифектолог мамандардың жұмыс жасауына жағдай жасалған», – деді Алатау ауданы білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмұрзаева.

Ал Самғау шағынауданындағы №217 мектепте білім беру үдерісіне «DANALYQ TIME» қағидаты енгізілген. Сонымен қатар оқушылар табиғатты аялауға ерекше көңіл бөлген. Білім ордасында робототехника бағыты да қарқынды. Оқушылар «Қара жорға» биін билейтін робот пен санаулы секундта бой өлшейтін құрылғы жасап шыққан.

«22 наурызға орай, қара жорға билейтін робот. Оны сыныптасым екеуіміз бірге жасадық. Оған жарты сағат кетті», – деді № 217 жалпы білім беретін мектептің оқушысы Шапағат Айтуарұлы.

Ал Қарасу шағынауданындағы №218 жалпы білім беретін мектептің оқушылары заманауи технологияға негізделген «Ақылды киіз үй» жобасын әзірлеген. Мұнда оқушылар қолдан жасаған роботтар асық ойнап, арқан тартысады. Сонымен қатар білім алушылар «Келешек AI» атты жасанды интеллект жүйесін құрастырған. Әзірге ол тек өз мектептеріне қатысты сауалдарға жауап беруге бейімделген.

«Смарт киіз үй төбесінен көріп тұрғандарыңыздай күн сәулесінен энергия алады, жарық жанады. Ал шығып кетсек, жарық өшеді. Осылай энергияны үнемдейміз», – деді № 218 жалпы білім беретін мектептің директоры Айна Зәкірова

Алматыда 314 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Сәйкесінше мектептерде 31 мыңнан аса орын жетіспеушілігі байқалады. Осы түйткілді мәселені шешу мақсатында алдағы жылы тағы 8 «Келешек мектебін» ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Мәди Мәлік. Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Ахмет Жұбановтың таңдаулы ғылыми мақалалар жинағының тұсауы кесілді