Ұлттық жоба аясында салынғагн 13 мектепте оқушылар білім алып жатыр
Алматыда «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордаларына фэйс-айди жүйесі енгізілмек. Бұл құрылғы оқушылардың аспен қамтылуын бақылайды. Сондай-ақ жаңа буын мектептері заманауи білім беру жүйесі мен қауіпсіздік стандарттарына көше бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – Медеу ауданында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында бой көтерген №220 білім ошағы. Заманауи үлгіде жасақталған білім ошағында қазір 850-ден аса оқушы білім алады. Мұнда арнайы сыныптардан бөлек, робототехника, хореография, химия, физика, сурет сынды кабинеттер бар. Тіпті ерекше қажеттілігі бар балалар үшін де барлық жағдай жасалған.
«Келешек мектептері» бір ауысымда жұмыс жасайды. Екінші ауысымда балалар қосымша үйірмелерде тәрбиеленеді деп айта аламыз. Өздеріңіз көргендей, қосымша үйірме кабинеттерінің барлығы жаңа жабдықтармен, заманауи технологиялармен қамтылған. Балалар өздерінің өтінішіне қарай екінші ауысымда үйірмеге қатысады», – деді Медеу аудандық білім бөлімінің басшысы Ақнұр Нұралиева.
Ұстаздардың айтуынша, Ұлттық жоба аясында салынған мұндай мектептерде тек оқу бағдарламасына ғана емес, балалардың шығармашылығын дамытуға да ерекше мән берілген. Мәселен, оқушылардың сыни ойлап, технологияларды жетік меңгеруі үшін STEM зертханалары мен интерактивті кабинеттер қарастырылған.
«Мектебіміз ыңғайлы, жайлы, әрі үлкен. Балаларымыз қуанып жүр. Мұнда оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Білім ордасын ата-аналармен бірге аралап шықтық. Қосымша білім беру де мықтап қолға алынғаны байқалып тұр. Мәселен, менің немерем ұлттық аспапта ойнауды үйрену үшін домбыра үйірмесіне барады», – деді қала тұрғыны Баймұхан Зәкіров
Сондай-ақ жаңа буын мектептерінде балалардың тамақтануына да ерекше ден қойылыпты. Ол үшін асханалардың кіреберісіне фэйс-айдиі бар турникеттер орнатылмақ. Қалада алғаш рет енгізілгелі жатқан бұл жүйе – тегін тамақтанатын әрбір оқушыны тіркеп, олардың сапалы аспен қамтылуын бақылайды.
«Алматы қаласы бойынша жалпы орын тапшылығы 34 мыңнан асқан. Қазір 27 мыңға түсті. Ауданда 7 мектептің ішінде 5 мектептің құрылысы іске асып, бүгінгі таңда жұмыс жасап жатыр. Келесі жылға 2 мектептің құрылысын аяқтап, ашуды жоспарлап отырмыз», – деді Алатау аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмырзаева.
«Премьер-министрдің тапсырмасына сәйкес жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын барлық бағдарлама ашық болуы тиіс. Бұл ретте, балалардың ыстық аспен қамтылуы бақылауды қажет етеді. Осы мақсатта Алматы қаласы алғашқылардың бірі болып барлық мектепке фэйс-айди аппараттық-бағдарламалық кешенін орнатып жатыр. Бұл жүйе асханаға келген оқушыларды тіркеп, расымен де ыстық аспен қамтылғанын көрсетеді. Сонда ғана тамаққа бюджет есебінен қаражат бөлінеді», – деді Қоғамдық кеңестің білім мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Рафаэль Гасанов.
Айта кетейік, қаладағы барлық «Келешек мектептері» қауіпсіздіктің озық стандарттарына сай салынған. Бүгінде ұлттық жоба аясында жоспарланған 21 мектептің 13-інде оқушылар білім алып жатыр. Қалған сегізі келесі оқу жылында ашылмақ.
Аяулым Көлжігіт, Әмина Үсенова, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: Хакатон: Алматыда халықаралық дода басталды