Мекемеде 2000 оқушы тәлім алады
Бүгін Алматының Алатау ауданында «Келешек мектебі» жұмысын бастады. Білім ордасының ашылу рәсіміне қала әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков, аудан басшысы мен ардагер ұстаздар, оқушылар мен жас мамандар қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Іс-шарада құттықтау сөз айтылды. Ал білім алушылар өнер көрсетті. Одан кейін жиналған көпшілік жаңа оқу ошағының ғимаратын аралап, заманауи үлгідегі кабинеттерді көрді.
Атап өтер жайт, мектеп қабырғалары «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының аясында біріңғай реңмен әрленіп, көркем безендірілген.
«Қабырғадағы ұлағатты сөздер біздің ұлттық құндылықтарымызды паш етіп тұр. Жүріп өткенде соның өзін қарап, соны оқи отырып, тәлім алмайтын, тәрбие алмайтын бала болады деп ойламаймын», - деді Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова.
«Бастауыш сынып оқушыларына арналған кеңістіктерде мейірім мен патриотизмге толы суреттер бейнеленген. Ал орта және жоғары буын оқушыларына арналған кеңістікте, мектеп қабырғаларында пәндік тереңдік пен зерттеушілік мәдениетке басымдық берілді», – деді №222 жалпы білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Ләззат Дәулетбек.
Ұлттық жоба аясында салынған білім ордасының ауданы - 20 мың шаршы метр. Мекемеде 2000 оқушы тәлім алады. Мектепте асхана, 4 спорт алаңы мен мәжіліс залы, медициналық пункт және 96 заманауи кабинет бар. Қауіпсіздікті сақтау мақсатында бейнебақылау жүйесі орнатылған. Сондай-ақ, білім алушылар үшін әдеби туындыларға толы кітапхана да жұмыс істейді.
«Мұндай керемет мектептің ашылғанына ата-ана ретінде өте қуаныштымын, себебі балам 2-сыныпта, осында келіп оқиды. Президентіміздің бастамасымен жүзеге асып жатқан “Келешек мектептері” жобасы аясында осындай заманауи үлгідегі білім ордаларының салынуына ризамыз. Алғысымыз шексіз», – деді қала тұрғыны Алқа Тоқтыбаева.
Оқи отырыңыз: Алматыда "Халық қатысатын бюджет" жобасы бойынша дауыс беру басталады