Халық қатысатын бюджет: Алмалы ауданында 45 жоба жүзеге асады

Қазіргі кезде аудандағы аулалар мен аллеялар абаттандырылып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Алмалы ауданында «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында биыл 45 жоба жүзеге асады. Оның шеңберінде аулаларды ретке келтіру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру сынды шаруалар қолға алынған. Бұл туралы журналистермен жүздескен аудан әкімі Арман Шамшин айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.   

Оның айтуынша, Қарасай батыр көшесі жүргіншілер аллеясына айналып, тұрғын үй аулалары жаңа кейіпке еніп жатыр. 

Алмалы ауданының аулаларында заманауи әрі қауіпсіз ойын алаңдары, воркаут аймақтар салынып, бейнебақылау камералары мен автосуару жүйесі жаңартылып жатыр. Соның шеңберінде Тілендиев көшесіндегі аумақ та өзгеше кейіпке енбек.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында түрленіп жатқан ауланың жобасын тұрғындар ұсыныпты.

«Соңғы рет жаңғырту жұмыстары 2015 жылы жүргізілген. Оның үстіне, айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Ал қазір бәрі белсенді түрде жалғасып жатыр. Жұмыс істеп жүрген азаматтарға рахмет. Біздің тілегімізді орындауға тырысады. Ауламыз өте қатты өзгерді. Ризамыз», - дейді қала тұрғыны Елена Пушкова.

Сондай-ақ аудан әкімі мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1500 орындық жаңа оқу ордасының құрылысы аяқталғанын айтты. Білім мекемесінде заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған 80 сынып қарастырылыпты. Бір ауысымда ғана оқытатын мектепте түстен кейін түрлі үйірмелер ұйымдастырылады дейді жауапты мамандар.

Айта кетейік, мектеп толығымен отандық жиһаздармен жабдықталыпты. Жаңа ғимарат 1 қыркүйектен бастап балаларға есігін айқара ашпақ.

«Салынған мектеп 8 блоктан тұрады. Сегіз блоктың ішінде төрт спорт залы, бір акт залы, 324 орынға арналған асхана бар. Акт залы 327 орынға арналған. Үлкен спорт залдардың біреуі бастауыш сыныптарға арналған, біреуі хореография залы деп аталады. Жоғары сыныптарға да арналған үлкен спорт залы бар», - деді мердігер компанияның директоры Ербол Тұрайысов.

Жауаптылар Қарасай батыр көшесі де жүргіншілер аллеясына айналады дейді. Бұл аумақта жөндеу жұмысы соңғы рет 2017 жылы жүргізіліпті. Қала тұрғындарының өтініші бойынша күрделі жөндеу биыл сәуірде басталған еді. Қазір жұмыстың 70%-ы аяқталған. Мамандар абаттандырылатын жердің жалпы аумағы 8 500 м² болса, оның 8 200 м²-ге жуығы көгалдандырылғанын айтты. Сондай-ақ жоба шеңберінде жарықтандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінген екен.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тротуар жабындарын жаңартып, автосуару жүйесін ретке келтірдік. Орындықтарды да ауыстырып, көгал төседік», - деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.

Арман Шамшиннің айтуынша, ауданда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қарқын алып келеді. Биыл мұнда 45 жоба жүзеге асырылады екен.

«Оның 23-і аулаларды жөндеуге, 18-і саябақтар мен скверлерді абаттандыруға, 4-еуі аулаларды көгалдандыруға бағытталады”, - деді аудан әкімі.

Гүлмарал Изатқызы, Аида Иманәлі, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматының Индустриалды аймағында қанша адам жұмыс істейді

Новости партнеров