Кәсіпорындар өндірісті дамытып, тағы 8 мың жаңа жұмыс орнын құрды
2025 жылдың алғашқы бес айында Алматыда негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 715 миллиард теңгеге жуықтаған. Ол дәл осы кезеңдегі былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 28 пайызға артық. Атап өтер жайт, қазір инвесторлар үшін тартымды шаһарда өңдеу өнеркәсібін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Оның көпшілігі индустриалды аймақта орналасқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алматы сауда-саттық, қызмет көрсету бағыттарынан бөлек, өндіріс саласында да айтарлықтай дамып келеді. Мәселен, соңғы екі жылда Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорындар 1,6 триллион теңгенің өнімін өндірген. Және 33,5 миллиард теңге салық төлеген. Бұл көрсеткіш қаланың экономикалық өсімінен бөлек, жаңа жұмыс орындарының ашылуына әсер етіп отыр. Қазір индустриалды аймақта 16 мыңнан аса адам жұмыс істейді.
«Соңғы екі жылда индустриалды аймақта қатысушылардың тізіміне 46 компания енгізілді. Инвестициялар бізде 60 миллиард теңгеден асады. Және 8 мың жұмыс орны құрылды», - деді Индустриалды аймақ департаментінің бас менеджері Ян Прокудин.
Бүгінде Алматыда өңдеу өнеркәсібіне көп көңіл бөлініп жатыр. Биыл бес айдың ішінде бұл салада қызмет ететін жұмысшылар құны 783 миллиард теңгеге жуықтайтын өнім шығарған. Көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға ұлғайыпты.
«Жалпы айтқанда, индустриалды аймақ айтарлықтай дамып келеді. Қазір екінші кезеңін ашу үшін барымызды салып жатырмыз. Нәтижесінде аумақ 190 гектарға ұлғаяды. Жұмыс қатаң бақылауда», - деді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Әлішер Сатыбалдиев.
Ерекшелігі сол, қазіргі таңда шаһардағы шағын және орта кәсіп субъектілерінің саны 380 мыңнан асады. Саланы қолдау үшін биыл бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Атап өтейік, индустриалды аймақта 35 шағын өнеркәсіп паркінің құрылысы да жүріп жатыр. Оның аумағы – 194 мың шаршы метр.
Рүстем Айткәрім, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Депутаттар ҚазҰУ-дың ғылыми орталықтарын аралап, түлектерге диплом табыстады