Халық қатысатын бюджет: Медеу ауданында 34 жоба жүзеге асырылмақ

15.07.2025 21:21

Тұрғындардан 650-ден астам ұсыныс қабылданды

Алматының Медеу ауданындағы 21 мыңнан астам тұрғын алғаш рет орталықтандырылған су мен су бұру жүйесіне қосылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде журналистермен сұхбаттасқан аудан әкімі Еркебұлан Оразалин айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Инфрақұрылым жүйелерін жаңғырту – Медеу ауданында атқарылуы тиіс маңызды шаруаның бірі. Бүгінде «Балқаш» резервуарынан «Мұзтау» шағынауданына дейін 2,2 шақырым магистральдық желі тарту жұмысы қолға алынған. Аудан әкімінің сөзінше, жоба аясында 2 мың адам таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланыпты. «Каменское плато» шағынауданындағы жағдай да ерекше назарға алынған. Биыл мұнда жергілікті тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтуға мүмкіндік беретін тарату желісінің құрылысы басталыпты. Еркебұлан Оразалин бұл шаруа келер жылдың қыркүйегінде аяқталатынын айтты.

«Жазда су тұтыну деңгейі 3-4 есеге артады. Соған қарамастан, ауданның оңтүстігіндегі жағдай тұрақты. Яғни, онда қосымша ұңғымалар салынып, резервуарлар жұмыс істеп тұр. Тіпті тұрғындардың су тұтыну көлемі 5 есеге дейін артса да, жағдай жақсы. Ол аумақта ешқандай мәселе жоқ», – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Аудан әкімінің сөзінше, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру ісі де назарда. Бүгінде мұнда жалпы құны 500 млн теңге болатын 3 жоба жүзеге асып жатыр. Олардың қатарында Қарасай батыр көшесі бойындағы жүргіншілер аймағын абаттандыру, Уәлиханов гүлзарын ретке келтіру, сондай-ақ Шығыс айналма жолының аумағын көріктендіру жұмыстары бар. Одан бөлек, жақын арада аумағы 3,4 гектар болатын «Тереңқұрды» жаңғырту жұмыстары  аяқталады деп жоспарланыпты.

«Осы айдың соңына дейін мердігермен келісімде көрсетілген барлық жұмыс аяқталады деп сенімді түрде айта аламын. Одан бөлек, сол аумақта жасыл желекті арттыру жоспарда бар. Сонымен қатар жазғы кинотеатр ұйымдастыру шаруасын да қарастырып жатырмыз», – деді аудан әкімі.

Тұрғын үй аумақтарын көріктендіру де – маңызды мәселенің бірі. Еркебұлан Оразалиннің айтуынша, биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 34 жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған. Тұрғындардан 650-ден астам ұсыныс қабылданыпты. Бұл мақсатқа 2 млрд теңге бөлінген. Оның аясында 17 аула мен 13 қоғамдық кеңістік абаттандырылып, төрт аумақта автоматты суару жүйесі орнатылмақ.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Медеу ауданындағы мектептерде 4 мыңнан астам орын ашылады