Әкім Алмалы ауданын аралап, жаңа емхана құрылысы мен абаттандыру барысын тексерді

Шаһар басшысы жауапты мамандарға нақты тапсырма берді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс сапарымен Алмалы ауданын аралап, Әйтеке би көшесінде салынып жатқан жаңа емхананың құрылыс алаңына барды. Нысан 55 пайыз дайын. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ғимаратта терапиялық және педиатриялық бөлімшелер, амбулаториялық хирургия орталығы, диагностикалық қызметтер, күндізгі стационар және оңалту бөлімі орналасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Қала әкімі Дархан Сатыбалды Алмалы ауданындағы жұмыс сапарын Әйтеке би көшесінде іргесі қаланып жатқан жаңа емхананың құрылыс алаңынан бастады. Жоспар бойынша ғимарат құрылысы жыл соңына дейін бітуі тиіс. Сондай-ақ қала әкімі аудан халқымен кездесті. Азаматтар тұрғын үйлердің қасбетін жаңғырту, қоғамдық көлікті дамыту және мектептерге түсетін жүктемені азайту және тағы да басқа бірқатар мәселеге қатысты сауалдарын қойып, жауап алды.

«Менің сұрағым қала көшелерінде пайда болған «LEZ» белгілеріне қатысты болды. Соңғы уақытта көшелерде осындай арнайы белгілер орнатылып жатыр. Осыған байланысты әкімнен олардың мақсаты мен маңызы туралы кеңірек түсіндіруін сұрадым. Бұл жүйе әзірге сынақ режимінде жұмыс істейді. Болашақта ол ауаға зиянды заттарды көп бөлетін көліктердің қозғалысын шектеуге мүмкіндік береді. LEZ белгілері қойылған аумақтар арнайы экологиялық аймақ ретінде белгіленбек», – деді қала тұрғыны Омар Нұрхайдаров. 

«Әкім көгалдандыру ісіне де басымдық беріп отыр. Ағаштар мен басқа да жасыл желектерді отырғызу, сондай-ақ суару жүйелерін тиімді жұмыс істету қаланың экологиялық ахуалын жақсартуда маңызды рөл атқарады. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Халық игілігі үшін қолға алынып жатқан бастамалардың маңызы зор. Сондықтан мұндай жұмыстардың жалғасуы өте маңызды деп есептеймін»,– деді қала тұрғыны Сәуле Құсайынқызы.

Шаһар басшысы Жібек жолы және Райымбек батыр даңғылдарының арасындағы Панфилов көшесін көріктендіру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда тротуар мен сыртқы жарықтандыру жүйесі жаңартылып, жасыл желек отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылуда. Жақын маңдағы тұрғындар жасыл аймақтарды күтіп ұстау және аумақты тазалау мәселесін де алға тартты. Барлық өтініш бақылауға алынды. Қазір тротуар төсемдерін және жиектастарды ауыстыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар барлық шаруаны алдағы 20–25 күн ішінде аяқтауды жоспарлап отыр.

«Панфилов көшесінде абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба Райымбек даңғылынан Ораз Жандосов көшесіне дейінгі аумақты қамтиды. Қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер жолы жаңартылып, автоматты суару жүйесі орнатылды. Сонымен қатар топырақ қабаты ауыстырылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 10 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның жартысынан көбі, яғни 5 мыңнан астамы егілді», – деді мердігер компанияның директоры Нұрсұлтан Мұхамеджанов.

Сондай-ақ қала әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Олардың бірі қазір көпшілікті алаңдатып отырған өрт сөндіру техникаларына арналған кіреберіс жолына қатысты мәселені бөлісті. Қала басшысы түйткілдің жай-жапсарын мұқият тыңдап, құрылыс компаниясымен кездесу ұйымдастыру керек екенін айтты. Жағдайды Қала құрылысы бақылау басқармасы назарға алып, тиісті шешім қабылдайтынын жеткізді.

«Қазір Мұратбаев көшесінің бойында жаңа тұрғын үй салынып жатыр. Соның салдарынан өрт сөндіру көлігі бұл аумаққа жету үшін екінші кезектегі тұрғын үй кешенінің аумағы арқылы өтуге мәжбүр болады. Ал құрылыс компаниясы біздің жалғыз кіріп-шығатын жолымызды екінші кезектегі тұрғын үй кешеніне қосымша жол ретінде пайдаланғысы келеді. Алайда бұл жолды бүгінде мыңнан астам пәтердің тұрғындары пайдаланады. Сонымен қатар ол такси қызметі, жедел жәрдем мен өрт сөндіру көліктері үшін де негізгі қатынас жолы болып отыр», – деді қала тұрғыны Жанна Жаватова.

Шаһар басшысы әрбір мәселені жіті түсіндіріп берді. Қабылдау соңында  жауапты мамандарға нақты тапсырма жүктеліп, олардың орындалу мерзімі айқындалды.

Айдана Шалқар, Әйкерім Пернебек, Әлішер Ерғалиұлы, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Алматы халықаралық Turkic Game Jam 2026 хакатонының алаңына айналды