Мегаполисте қазақстандық жұлдыздар концерт қойды
Республика сарайы әнмен тербелді. Өнер қайраткерлері мен жас әншілердің басы біріккен концертке келген көрермен көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы тұрғындары сүйікті әншілерінің өнерін тағы бір мәрте тамашалауға мүмкіндік алды.Маңызды мерекеге орай Республика сарайында ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға зиялы қауым өкілдерінен бөлек, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет саласының қызметкерлері де қатысып, әсерленіп қайтты.
"Өте қуаныштымыз. Республика күнінде мәдениет сарайына шақырып жатыр, тосынсый күтіпотырмын", - деді қала тұрғыны.
"Республика күні қазақстандықтар үшін өте маңызды. Елім, жерім дейтін бар азамат бұл күнді атап өтуі тиіс. Балаларына айтып, тарихта қалдыруы керек", – деді қала тұрғыны.
"Бұл мерекенің маңызы зор. Ал бүгінгі концерттен өте керемет көңіл-күй күтемін", – деді қала тұрғыны.
Мерекелік кеш рәміздерге құрмет көрсетуден басталды. Әнұранды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Күзембаев орындап, келушілерді жігерлендірді.
Ал бірқатар танымал әншілер патриоттық туындыларды шырқап, қуанышты еселей түсті. Белгілі күйші Асылбек Еңсепов, “Махаббат өзені” шығармасын скрипка дуэтінің сүйемелдеуімен орындап шықса, аңызға айналған "Дос-Мұқасан" тобы "Алматы түні" және "Қайдасың?" әнін әуелетті.
"Республика күні – ұлкен мерек! Халқымызға тек қуаныш, бақыт тілеймін!" – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұрат Құсайынов.
"Бағдарламаға келсек, үлкендерден бастап орта жас. жастар өнерін көрсетті. Көрермен риза болды деп ойлаймын", – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиев.
"Республика күнінде орай, өнер көрсеттік! Бұл – халықтың керемет мерекелерінің бірі, тәуелсіздігіміздің айнасы!" – деді әнші Арман Сейітжаппар.
Екі сағатқа созылған концерттік бағдарлама Қазақстанның еңбек ері Роза Рымбаева мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Біржан Хасанғалиевтің орындауындағы "Атамекен" әнімен аяқталды.Еске салайық, мерекелік іс-шаралар легі ертең де жалғасын табады. Алматы музейінде "Тарихи дерек - елдігімнің бастауы" көрмесі ұйымдастырылса, Қазыбек би көшесінен Абай даңғылына дейін патриоттар шеруін өткізу жоспарланған. Ал 25 қазан Медеуде ту көтеру рәсімі өткізіліп, шаһардың әр ауданында түрлі бағдарлама ұйымдастырылмақ.
Рүстем Айткәрім, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Республика күні: жастар мен патриотизмнің ел дамуындағы рөлі талқыланды