Ұлыстың ұлы күні Көктөбеден басталады: Көрісу күнінде мерекелік концерт өтеді

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп көрісіп, мауқын басып...» - дейтін ұлы Абай айтатын керемет күн – Көрісу күнін 14 наурыз күні, сағат 12:00-де Көктөбеде қарсы алуға шақырамыз, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Тоқаев «Егемен Қазақстандағы» мақаласында «Біз халықтың басын біріктіретін,  ортақ құндылықтарды  дамытуымыз керек. Мысалы, Наурыз мерекесінің концепциясын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыту керек.  Қоғамды біріктіретін құндылықтар қаншалықты мол болса, біздің бірлігіміз де соншалықты берік болады» - деп жазған еді.

Наурыз біздің бабаларымыздың биосфералық көзқарасының бір бөлігі екенін ұмытпай, сонымен қатар, Орталық Азия халықтарына ортақ мерекенің рухани мәніне құрметпен қарай отырып, Алматы қаласында Наурыз мерекесі 14 наурыздағы Амал Күні - Көрісу күнін – Жаңа күнді Көктөбеде қарсы алудан басталады. 

Жалпы Наурыз мерекесінің алды осы Жаңа күнді қарсы сәтінде жасалатын салт-дәстүрлерден тамыр тартады.

Қазіргі уақытта ресми түрде 21-22 наурыз күндері аталып өтетін Ұлыстың Ұлы күнінің бастауы «Амал Күні - Көрісу күнінде» жатыр. Көрісу күні 14 күні Жаңа күнді қарсы алудан басталады. Яғни, бұл біздің тарихи күнімізге құрмет болмақ. Наурыз мерекесінің алды осы Жаңа күнді қарсы сәтінде жасалатын салт-дәстүрлерден тамыр тартады. Жалпы ауыл маңындағы биік төбеге шығып, жаңа күнді, Наурыздың алғашқы күнін қарсы алу дәстүрі қазақ ішінде бертінге дейін болған. Ондай төбелерді ел ішінде көк төбе, қара төбе, күл төбе, мәр төбе, ақ төбе деп атаған. Яғни, мұндай атаулар - төбелердің қасиеттілігін білдірген. Жетісуда ертеректе қазіргі Көктөбеде жаңа күнді қарсы алу дәстүрі болған. Яғни, биылғы жылы Көктөбеде өтетін «Көрісу күні» мен «Жаңа күнді» қарсы алу ілгерідегі дәстүрді жаңғырту. Осы жақсы дәстүрді жаңғырту мақсатында Алматы қаласының халқы биылғы Ұлыстың Ұлы күнінің Жаңа күнін Көктөбеде қарсы алады.

Жаңа күнді қарсы алу, көрісу, т.б. наурыз мерекесіне қатысты деректер Абай, Шәкәрім, Мәшхүр Жүсіп, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Жағда Бабалықов, Ақселеу Сейдімбеков, т.б. белгілі тұлғалардың еңбектерінде кездеседі.

14 наурыз күні өтетін «Көктөбедегі көрісу» атты мерекелік шараға Мәдина Садуақасова, Айгүл Қосанова, «Алатау серілері», «Кешью», «Made in KZ», «Тұмар» тобы және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әртістері қатысып, елге мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

«Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып...» - дейтін ұлы Абай айтатын керемет күн – көрісу күнгі Жаңа жылдың Жаңа күнін Алматы халқы ерекше ықыласпен қарсы алады деп ойлаймыз.

Оқи отырыңыз: Алматылық онколог сүт безі қатерлі ісігінің алғашқы белгілері туралы айтты

Новости партнеров