Алматы онкологиялық орталығы дәрігері Анарбай Қазынаның айтуынша, сүт безіндегі түйін сүт безі қатерлі ісігінің ең жиі кездесетін алғашқы белгілерінің бірі саналады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алайда ісікті әрдайым өзін-өзі тексеру кезінде анықтау мүмкін бола бермейді. Кей жағдайда ауру басқа, аса байқала бермейтін белгілер арқылы да білінуі мүмкін. Сондықтан кеуде аймағындағы кез келген өзгеріске мұқият қарау қажет», – дейді онколог.
Мамандардың айтуынша, алаңдатуы мүмкін белгілерге мыналар жатады: сүт безінде немесе қолтық астында түйіннің пайда болуы; кеуде пішінінің немесе көлемінің өзгеруі; терінің қызаруы немесе қатаюы, «апельсин қабығы» тәрізді өзгеріс, емізіктің немесе терінің ішке тартылуы, емізіктен әдеттен тыс сұйықтықтың бөлінуі. Кей жағдайда кеуде тұсында ұзаққа созылған жайсыздық немесе ауырсыну байқалуы мүмкін. Мұндай өзгерістер байқалған жағдайда мүмкіндігінше ертерек дәрігерге қаралып, тексеруден өту қажет.
Маманның айтуынша, сүт безі қатерлі ісігі ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін. Сондықтан аурудың алдын алу және тұрақты тексеруден өтіп тұру ерекше маңызды. Ерте анықтаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – скрининг.
Қазақстанда сүт безі обырын ерте анықтауға арналған мемлекеттік скрининг бағдарламасы жұмыс істейді. Оның аясында 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер тіркелген емханаларында екі жылда бір рет тегін маммографиядан өте алады.
Бұл зерттеу ауру белгілері әлі байқалмаған кезеңде сүт безіндегі өзгерістерді анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай жағдайда емдеу әлдеқайда тиімді болады.
Дәрігердің айтуынша, скринингтен тұрақты өтіп тұру ауруды кеш анықтау қаупін айтарлықтай төмендетеді және әйелдердің денсаулығы мен өмірін сақтауға көмектеседі. Сол себепті профилактикалық тексерулерді кейінге қалдырмай, денсаулықтағы кез келген өзгеріс байқалса, дер кезінде мамандарға жүгіну маңызды.
Оқи отырыңыз: Алматыда мектеп директорларын іріктеу ашық форматта өтті: қоғам өкілдері үдерісті тікелей эфирде бақылады