Қоршаған ортаны қорғау күні: Аюсай шатқалында пластик қалдықпен күрес күшейді

Табиғатты сақтауға бағытталған экологиялық бастамаға БҰҰ қолдау білдірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін - Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні. Биыл бұл дата "Пластиктік ластанумен күрес" тақырыбына арналып отыр. Осыған орай Біріккен Ұлттар Ұйымы табиғатты қорғауға бағытталған кеңауқымды жобаларды жүзеге асырып жатыр. Бүгінде ұйым әлемнің түкпір-түкпірінде 100-ге жуық бастаманы қолға алған. Солардың бірі - Алматы маңындағы Аюсай визит-орталығында іске асып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Табиғаты тамсандыратын Аюсай шатқалы - күн сайын 3-4 мың туристі қабылдайтын көрікті мекен. Алайда демалушылар артқан сайын, қоршаған ортаның ластана түсетіні белгілі. Әсіресе, пластик қалдықтардың көбеюі алаңдатады. Осы мәселені көтеру үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері БАҚ қызметкерлерімен кездесіп, қоқыстан келер зиянды қарапайым тілмен түсіндірді. Олар конференция барысында бір реттік ыдыстан тамақтанып, оның залалын нақты мысалдармен көрсетті. Сондай-ақ таулы аймақтардың ластануы сөз болып, қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығы атап өтілді. 

«Біздің жобаның мақсаты - таулы аймақтарды пластик қалдықтарынан тазарту. Өйткені пластик табиғатта 400 жылға дейін ыдырамайды. Сондықтан осындай әсем табиғатты бәріміз бірге қорғауымыз керек. Қоршаған ортаны аялауға бүкіл әлем халқы болып атсалыссақ деймін. Қазақстанмен бірге тағы бірнеше елде осыған ұқсас жобаларды жүзеге асырып жатырмыз», - деді Базель, Роттердам Және Стокгольм конвенциялары хатшылығының өкілі Мехрнуш Азоди.

Аюсай шатқалында бұл жоба 1,5 жыл бұрын қолға алыныпты. Оның аясында шыны, қағаз, металл және полимер өнімдерін бөлек жинауға арналған төрт арнайы контейнер орнатылған. Сонымен қатар визит-орталықта қалдықтарды сығымдайтын машина да жұмыс істейді.

Аюсай шатқалында тазалыққа деген жауапкершілік ерекше сезіледі. Бұл жерде пластик қоқыстар сығымдалып, қайта өңдеуге жіберіледі. Жауапты мамандардың айтуынша, 100 келіге дейінгі дәл осындай қоқыстар қалаға жеткізіліп, қайтадан өңдеуден өтеді.

«Бүгінгі баспасөз турының мақсаты – пластик қалдықтарына мән беру. Себебі Қазақстан аумағында жылына шамамен 300 мың тоннадан аса пластик қалдықтары шығарыладф. Бұл пластик қалдықтарының тек 100 мың тоннаға жуығы ғана қайта өңделіп, қалған пластик қоршаған ортаны ластап отыр», - деді «Тұрақты дамуға жәрдемдесу» орталығының жоба үйлестірушісі Жәнібек Мұханов.

Айта кетейік, Аюсай визит-орталығында қоқысты сұрыптап жинау жүйесі енгізілгелі бері 4,2 тонна полимер, 3,2 тонна қағаз, 771 келі алюминий және 367 келі шыны жиналып, қайта өңдеуге жіберілген. Дегенмен мұндай қалдықтарды қайта кәдеге жарататын кәсіпорындар елімізде саусақпен санарлық. Солардың бірі - Алматы облысында орналасқан өндіріс орны. Зауыт ай сайын 300 тонна пластик қалдықтарын өңдеп, тұрмыстық мақсаттағы 2,5 мың өнім түрін шығарады.

Қытай елінен алып келінген термопласт қондырғысында шикізат гранулалары арқылы 200 градуста ерітінді келіп, қалып арқылы орындық, оданда басқа бірнеше түрлі бұйым жасалады. Яғни, бір минут өтпестен дәл осындай дайын өнімді алуға мүмкіншілік бар.

Айта кетейік, екі ай бұрын дәл осы шатқалда "Таза Қазақстан" акциясы аясында жарты тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 30 түп қарағай көшеті отырғызылған еді. Бұл іс-шара табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам болды.

Мәди Мәлік, Әлішер Ерғалиұлы, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Күштеп әскерге алып кетпес үшін не істеу керек: министр орынбасары жастарға кеңес берді

Новости партнеров