Қосымша 2 мың жоба ашуға болады: Алматыда шағын және орта кәсіпті қолдауға қанша қаржы бөлінді

13.01.2025 16:29

Биыл қала әкімінің тапсырмасымен қаржыны тағы 18 млрд теңгеге арттыру көзделген

Алматыда шамамен 1 млн азамат бизнеспен айналысады. Шағын және орта кәсіпті қолдау мен дамыту мақсатында былтыр 53 миллиард теңге бөлінген еді. Ал биыл қала әкімінің тапсырмасымен, оны тағы 18 миллиард теңгеге арттыру көзделген. Бұл қосымша 2 мың жаңа жобаны іске асыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Косметика өндіретін бұл отандық кәсіпорынның іске қосылғанына 1 жыл болған. Мұнда шаш пен дене күтіміне арналған өнімдер дайындалады. 32 адамды жұмыспен қамтып отырған өндіріс орны алғашында бизнесті қолдауға бағытталған бағдарлама шеңберінде қаржыландырыпты.

«Кәсіпті бастап, зауыттың жұмысын ілгерілету үшін 3 млрд теңге ақша жұмсалды. Ал оның 463 млн теңгесін бізге Almaty Finance ұйымы займ ретінде берді. Бұл қаражатқа өзімізге қажет құрылғыларды сатып алдық», - деді кәсіпорын директорының орынбасары Жанна Баймағамбетова.

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы былтыр орта және шағын бизнес иелерінің 11,2 млрд теңге болатын 132 жобасын қаржыландырған. Ал бұл қаражатқа кәсіпкерлер қажет жабдық пен шикізат сатып ала алады, айналым қаражатын толықтырып немесе бизнестің өзге де қажеттіліктерін жабады. Жауаптылар мұндай қарыздар бойынша жылдық мөлшерлеме 2 немесе 6%, ал кредит беру мерзімі 7 жыл дейді.

«2019 жылдан бері «Алматы бизнес – 2025» жобасының аясында 42,8 млрд теңгеге 704 жоба қаржыландырылды. Соның нәтижесінде шағын өнеркәсіп парктерінде 5140 жаңа жұмыс орны құрылды. Одан бөлек, біз әлеуметтік жобалар үшін ғимараттарды жеңілдетілген шарттармен жалға береміз. Біз ол үшін конкурс жариялаймыз. Оған өзінің әлеуметтік жобасын іске асырғысы келетін кез келген кәсіпкер үміткер бола алады», - деді «Алматы» ӘКК баспасөз қызметінің басшысы Темірлан Нихамбаев.

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында да шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Кәсіпкерлерді сервистік қолдау» бағдарламасы. Оның аясында бухгалтерлік есептерді тапсыру, бизнес жобалар жасау сынды қызметтер көрсетіледі.

«Одан бөлек, 2024 жылы қала әкімінің тапсырмасымен «Мен – кәсіпкермін» бағдарламасы жүзеге асырылуда, аталған бағдарламаның аясында бірқатар жәрмеңкелер өткізілген. Аталған жәрмеңкелерге 97 кәсіпкер қатысып, өзінің шығарған өнімдерін сатуға мүмкіндік алған. Сондай-ақ іскерлік байланыс жобасы жүзеге асырылуда, аталған бағдарламаның аясында кәсіпкерлердің шетел кәсіпкерлерімен өзара қарым-қатынасын реттеуге бағытталған», - деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкер палатасы алматы қалалық филиалының бөлім басшысы Еркебұлан Бейімбет.

Айта кетейік, елде бизнес иелерінің заң жүзіндегі сұрақтары да жіті қаралады. Мәселен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы былтырдың өзінде 15 мыңға жуық алматылық кәсіпкердің құқығын қорғаған. 

Гүлмарал Изатқызы, Ғани Қалуов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Енді мембағдарламамен пәтер жалдап отырған отбасылар баспанасын жекешелендіре алады